$510.08 €539.61 ₽5.15
×

Тәуелсіздіктің 25 жылдығы лайықты түрде атап өтіледі

AstanaTV
06.04.2016ж. 20:00
4945
Тәуелсіздіктің 25 жылдығы лайықты түрде атап өтіледі

Биыл Қазақстанның дербес мемлекет атанғанына - 25 жыл! Ұлы тойды атап өту қаңтар айында-ақ басталған. Ал бүгін Астанада Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықованың жетекшілік етуімен Тәуелсіздіктің 25 жылдығын өткізу жөніндегі комиссияның алғашқы отырысы өтті. Жыл соңына дейін жалғасатын мерекенің нақты жоспары түзіліп, тұжырымдамасы ұсынылды. Енді құжат Үкіметте қаралады.

Тәуелсіздік тойын лайықты түрде атап өтудің маңызы зор. Бұл ретте арнайы комиссия оның тұжырымдамасындағы әрбір тұстарды мұқият зерделеді. Дүбірлі тойды өз дәрежесінде атқару негізінен екі министрлікке міндеттелген.

Арыстанбек Мұхамедиұлы, ҚР Мәдениет және спорт министрі:

Тұжырымдаманы іске асыру үш кезеңмен жүреді. Бірінші - дайындық кезеңде практикалық іс-шаралар өткізіледі. Екінші - негізгі кезең. Әрбір ай Тәуелсіздіктің жетістіктері мен «Мәңгілік ел» құндылықтарының бірінің аясында өтеді. 25 қараша мен 15 желтоқсан аралығында 25 күнде Тәуелсіздіктің 25 жетістігі атап өтіледі.

Әсет Исекешев, ҚР Инвестициялар және даму министрі:

Насихаттау кезеңінің өзінде 100-ге тарта іс-шара өтеді деп жоспарланған. Сондай-ақ, «Тәуелсіздікке - 25 жыл» атты көркем суретті пошта маркасы шығарылады. 50-ге тарта БАҚ құралдары да тартылады.

Әрине, ұлы тойды ұлықтауда өңірлердің де үлесі басым болмақ. Мемлекеттік комиссия жергілікті әкімдерге бірқатар міндеттер жүктейді. Қосымша ұсыныстар да ескерілуі керек.

Бекболат ТІлеухан, ҚР Парламенті Мәжілісінің  депутаты, «Нұр Отан» фракциясының мүшесі:

Жалпы мына министрлік, үкімет тарапынан ұсыныстардың өте орынды екенін көріп отырмын. Бір нәрсе бар - біз ұлттық сипатымызға, ерекшелігімізді айқындайтын дәстүрлі қалыптағы дүниелерімізді ұсыныс ретінде қосқымыз келеді.

Бұдан бөлек, мәдени іс-шаралар бойынша да біраз ұсыныстар айтылды. Соның бірі - «Тәуелсіздік» тақырыбы арқау етілген жаңа туындыларға байқау жариялау. Мерекенің ресми логотипі де бекітілген. Тұжырымдама 25 сәуірге дейін толықтай түзілетін болады.

Гүлшара Әбдіхалықова, ҚР Мемлекеттік хатшысы:

«Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясы құндылықтар аясына барша халықты жұмылдырып, ұйыстырып, осы комиссияның құзырындағы барлық іс-шараны жүргізуіміз қажет. Сондықтан жыл бойы сіздермен жұмыс істейміз деп ойламын.    

Құралай Пионер, тілші:

Сонымен, Тәуелсіздік мерекесін тойлау басталып та кетті. Мәселен, сәуір айына «Зияткерлік ұлт», «Нұрлы болашақ» атауы берілген. Жыл соңына дейін әрбір айға осылай жеке атау беріліп, сол тақырып шеңберінде  шаралар өткізіп отыру жоспарланған. Олардың жалпы жиынтығы 250-ден асады. Бұл мерекенің өткен жылы тойланған «Қазақ хандығының 550 жылдығымен» дәрежесі пара-пар болайын деп тұр.

Құралай ПИОНЕР