$523.86 €544.34 ₽5.11
×

Атырауда ассенизатор жүргізушілері бас көтерді

21.04.2023ж. 20:00
991
Атырауда ассенизатор жүргізушілері бас көтерді

Атырауда ассенизатор жүргізушілері бас көтерді. Олар қаланың сол жақ бөлігінен кәріз суын төгетін жаңа алаң берсін дейді. Талап орындалмаса, бір ауыздан қызмет көрсетуді тоқтатамыз деп отыр. Олардың көздегені - жаңадан пайдалануға берілген кәріз суын тазалайтын қондырғысына рұқсат алу. Ал жауаптылар ол мүлдем мүмкін емес дейді. Мәселе шешіле ме? Тараптарды тілшіміз тыңдады.

Бәленбай миллиардқа бюджеттен ақша бөліп салды ғой соны. Салмайтын болса халыққа пайдалануға берілсін. Солай ма жігіттер?

Кәріз қалдықтарын таситын 50-ге тарта көлік жүргізушісі талаптарын жеткізуге жиналды. Олар жаңадан пайдалануға берілген кәріз тазарту қондырғысына төгуге рұқсат берсін дейді бір ауыздан. Айтуларынша, оған таныстары барлар ғана кіре алады екен.

Салауат ҚҰЛБАЕВ:

Атырау қаласынан кәріз суын төгетін жердің екінші нүктесін талап етеміз. Ол өзіміздің бергі бетте орналасқан Атырау қаласының Элеватор орналасқан кәріз суын төгетін жерді ашып беруді талап етеміз. Біздер барсақ «ол жерде биобактерия бар, оған май әкеліп төгесіңдер, химикат әкеп төгесіңдер» дейді. Біз оны түсінеміз, «Водоканалда» танысы бар адамдардың 20 шақты көлігі кіріп-шығып жатыр ғой. Олар таза су әкеп төгіп жатқанынан кім кепіл.

Жиналғандардың сөзінше шаһардың кеңеюіне байланысты қаланың оң жақ бөлігіндегі 20 шақырым қашықтықта орналасқан жалғыз «Квадрат» булану алаңына жету мұңға айналған. Сондықтан бағаны қымбаттауға мәжбүрміз, ал тұрғындар бізге өкпелейді дейді жиналғандар.

Рүстем ҚУАНОВ:

Запчасть 6 ай бұрын 1,5 есеге көбейіп кетті, дөңгелек 40 мың теңгеге алсақ, қазір 150 мыңнан аламыз. Біз де семья асырап отырмыз. Бізде осыдан басқа кәсіп жоқ. Соған қарап отырмыз үйіміз де, семьямыз да. Кредиттар бар. Екінші нүкте ашып берсін, біз де бағамызды түсіреміз қала бойынша.

Жаңадан пайдалануға берілгенімен, кәріз тазарту қондырғысының жобасы ескі, 15 жыл бұрын жасалған. Ол вакуум төгуге арналмаған дейді су арнасындағылар.

Ғасыржан ЛЕКЕРОВ, «АТЫРАУ ОБЛЫСЫ СУ АРНАСЫ» КМК БӨЛІМ ЖЕТЕКШІСІ:

Жаңадан ашылды ғой кәріз тазарту қондырғысы, оның ішінде вакуумдер төгетін құрылғы қарастырылмаған. Жоба да жоқ. Соны қазір ұсыныс ретінде әкімдікке жолдадық. Сөздің шыны, оған рұқсат ресми бере алмаймыз. Неге десеңіз, қазір төгетін болса, насостың бәрі бәленбай миллионға алған істен шығады.

Әкімдіктегілер мәселе бүгін-ертең шешілмейтінін ашық айтты. Олар ассенизатор жүргізушілерімен жасалған келісім-шартта тек булану алаңы ғана көрсетілген дейді.

Серікқали ҚАНАПИН, ОБЛЫСТЫҚ ЭНЕРГЕТИКА ЖӘНЕ КОММУНАЛДЫҚ ШАРУАШЫЛЫҚ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Сырттан әкелініп жатқан кәріздің сулардың ішінде мұнайдың, автосервистардан келетін қоспалар болуы мүмкін. Ондай жағдайлар болса, КОСқа түссе тоқтап қалу қаупі бар. Қазір ұсыныс түсіп жатыр ғой «сол жақ жағалауға қабылдауға рұқсат етсін» деп, тиісті мамандармен жиналып, бір шешімге келетін боламыз.

Қала мен қала маңындағы ауылдардан тәулігіне 30 мың текше метр кәріз су шығады. Сарқынды қалдық ешқандай тазартудан өтпестен «Квадрат» булану алаңына құйылады. Қазір 216 ассенизатор жүргізушісімен келісім-шарт бар. Олар талап орындалмаса, бір ауыздан жұмысты тоқтатамыз деп отыр.