Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Балаңыздың суретін әлеуметтік желіге жүктеу қауіпті ме?

21.04.2023ж. 20:00
1939
Балаңыздың суретін әлеуметтік желіге жүктеу қауіпті ме?

Қазір көп ата-ана балаларының суретін әлеуметтік желіде бөліскенді ұнатады. Сәбидің бірінші қадамы, мектептегі алғашқы күндер, демалыстағы әдемі сәттер. Алайда, мамандар мұндай фотолар мен жиналған «лүпілдердің» арты қауіп төндіруі мүмкін дейді. Баланың суретін жария еткен дұрыс па? Бұл сауалға Әйкерім Пернебек жауап іздеді.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Дұрыс емес қой енді, кішкентай балаларға… Сондай үшін кеше бір қыз өліп қалды ғой.

- Менің ойымша, әр адамның жасына қарамастан өзінің жеке кеңістігіне құқығы бар. Кішентай балалар өздері үшін жауап бере алмайтындықтан олардың суретін жүктемеу керек. Біз жолдасымызбен келіскен едік, балалар 16-18ге келген жаста ғана суреттерін жүктеуге рұқсат сұраймыз.

- Жоқ, қолдамайды екенмін балаларды салғанды. Қарсымын себебі тіл бар, көз бар деген сияқты. Керек емес деп ойлаймын.

Таяқтың екі ұшы бар дейді жас ана Ақбаян Жазықбай. Инстаграм өмірдің маңызды бір бөлігіне айналғанын айтады. Желіге балалардың қызықтары мен жетістіктерін салу арқылы жақындарымызбен үнемі байланыста бола аламыз деп түсіндіреді.

Ақбаян ЖАЗЫҚБАЙ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Мен әлеуметтік желіге балаларымның суретін бір-екі жастан асқанда саламын, көп емес, анда санда болып тұрады енді. Папаларының рұқсатымен, бірақ көз тию бар, одан кейін қауіпті болуы мүмкін, сол үшін әр нәрсені қадағалап барып салған жөн.

Кейде абайсыз айтылған сөз, аңғармай салынған сурет баланы жәбірленушіге айналдырады. Өкінішке қарай, кибербуллинг құбылысы соңғы жылдары елімізде өршіп тұр. Сондықтан мамандар ата-аналарға балалар туралы ақпаратты көпшілікке жарияламас бұрын өте мұқият болуға кеңес береді. Әлеуметтік желіде жұлдыздар сәбилерінің әрбір қадамымен бөлісіп, қызу талқыға ұшырап жатады. Әр балаға өз бетінше парақша ашып, блогерлік мансапқа итермелейтіндері де бар. Ал жас жұлдыздар жазылатын түрлі пікір мен сынды кейде көтере алмауы мүмкін дейді психологтар.

Айжан НҰРБОЛҚЫЗЫ, ОТБАСЫ ЖӘНЕ БАЛАЛАР ПСИХОЛОГІ:

Кекету, мазақтау бала үшін өте ауыр, травма алып келуі мүмкін. Шектеліп қалуы мүмкін. Сол себепті де ата-ана баламен ақылдасу керек. Бұл баланың жеке шекарасы ғой. Себебі бала өскен сайын оқшауланғанды жақсы көреді. Өзімен өзі отырғанды жақсы көреді.

«Каспер зертханасының» деректері бойынша, ата-аналардың 58% әлеуметтік желіге өз балаларының фотосуреттерін жариялайды. Ал респонденттердің жартысынан көбі желіге салмас бұрын баланың келісімін алу қажет деп санамайтын көрінеді.

Аружан САИН, ҚР БАЛАЛАР ҚҰҚЫҒЫ ЖӨНІНДЕГІ УӘКІЛІ:

Егер балалар жайлы жеке ақпарат пен суреттер оның заңды қамқоршысы, ата-анасымен жарияланған болса, ол өздерінің құқығы. Ал егер ақпараттар ата-ананың рұқсатынсыз өзге тұлғаларға жетіп, бөлек мақсаттар үшін қолданылса, оның салдары жаман болуы мүмкін. Бұл жерде соны ажыратып алу керек. Баланың жақсы жетістіктерге жетіп жатқаны жайлы сурет болса керемет қой. Бірақ қайғылы жағдай, жаман оқиға болып, балаға қатысты ақпарат тарап кетсе, оған психологиялық соққы болады.

Тиісті заңнамаға сәйкес балалардың дербес деректерін қорғау жалпыға ортақ ережелер бойынша жүргізіледі. Ал жеткіншектердің жеке мәліметтерін заңсыз өндеу фактілері анықталған жағдайда, әкімшілік істерді қозғау ата-аналардың немесе заңды өкілдерінің арызы негізінде іске асырылады.

Әділетхан ҚАБДЕШ, ҚР ЦИФРЛЫҚ ДАМУ, ИННОВАЦИЯЛАР ЖӘНЕ АЭРОҒАРЫШ ӨНЕРКӘСІБІ МИНИСТРЛІГІНІҢ БАСҚАРМА БАСШЫСЫ:

Министрлік дербес деректерді қорғау үшін заңнамалық және техникалық шараларды қолданысқа енгізу жұмыстарын жүргізуде. Дербес деректер иелерінен, яғни, балалардың ата-аналарынан дербес деректерді жинау және өңдеу үшін қажет келісімді алу қарастырылған.

Әйкерім ПЕРНЕБЕК, ТІЛШІ:

Бірде-бір ата-ана баласын қауіпке итермейтіні анық. Бірақ, есіңізде болсын, суретіңіз желіге жүктелген алғашқы секундтан бастап, ол сіздің фотоңыз емес, қоғамның кезекті меншігіне айналады.