Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Астанада тұрғындарды апатты үйлерден көшіру басталды

AstanaTV
06.04.2016ж. 20:00
1734
Астанада тұрғындарды апатты үйлерден көшіру басталды

Баспаналары әне-міне құлағалы тұрған бірнеше отбасы бұл қиындықтан құтылатын болды. Лайықты жағдай жасалмаған, тіпті ыстық суы да жоқ ескі пәтерлерде олар бірнеше жылдан бері күнелтіп келген еді. Бұл отбасылардың Елордада тұрады деген тек аты ғана. Апатты үйлердегі тұрғындардың қазіргі жағдайы кісі шошырлық. Бүгін жергілікті билік тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзуға кірісті. 

Даладағы дәретхана, құлағалы тұрған қора-қопсық, қабырғасы сөгітілген тұрғын үй. Біз қазір еліміздің шалғай ауданында емес, Елорданың қақ ортасындамыз. Иә, 21-ші ғасырдың өзінде келбетінен кісі шошитын баспалар да тұратын жандар жетерлік екен.

Светлана Шупеня тозығы жеткен тұрғын үйде әр күнін жанын шүберекке түйіп, қорқынышпен өткізгенін айтады. Қамыстан тұрғызылған баспананың ірге тасы, жылдар өте келе, шөге бастаған. Ыстық су мен кәріз жүйесі мүлде жоқ. Енді міне қиындықтан құтылатын болық,- дейді кейуана.

Светлана Шупеня, қала тұрғыны:

Марқұм ата-анам осы күнге жете алмай кетті. Десек те, игіліктің ерте-кеші жоқ. Әкімдік өкілдері бізге тегін жаңа пәтердің кілтін бергелі отыр. Есіміз шығып, жүкті жинастырып жатырмыз.

2017 жылға дейін Астанада апатты жағдайдағы 228 үй сүріліп тасталмақ. Ол үйлерде тұратын 3 жарым мыңдай адам «жаңа пәтерге» ие болады. Өткен жылы 71 апатты үй бұзылып, мыңға жуық отбасы баспаналы болған. Биыл жоспар бойынша 805 отбасы өзге үйге көшірілуі тиіс. Тұрғындарға ескі үйінің орнына жаңа баспана беріледі.

Әлихан Қуатбеков, Астана қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы:

Өздерінің қанша шаршы метрі бар сол шаршы метрге сәйкес одан бірде шаршы метр кем болмайды, әрине, жоғары болады. Мысалы 15, 17 шаршы метрде тұрып жатқан кісілер олардың барлығына 1 бөлмелі пәтер, ең төменгі шаршы метрдің көлемі 37, одан жоғары. Міне осы деңгейде беріледі.

Елімізде теңдесі жоқ пилоттық жобаның бірінші кезеңін 2017 жылдың аяғына дейін жүзеге асыру жоспарланған. Осы уақыт аралығында ескі үйлердің орнына жаңа баспаналар бой көтермек. Қазірдің өзінде жоба аясында Астананың сол және оң жағалауында 31 тұрғын үй пайдалануға берілген.

Төлепберген Қойшыбаев, «Елорда даму» ЖШС бас директорының орынбасары:

Салынған үйлердің бір бөлігі апатты үйлердің тұрғындарына беріледі. Қалған бір бөлігі бұл нарыққа сатылады. Бұл үйлердің барлығы несие қаржыға салынып жатыр. Сол несиені қайтару мақсатында біз түскен қаржыны қайта құрылысқа саламыз.

Ескі үйінің орнына жаңа баспаналы болған жандардың бірі - Ләззат Шегебаева. Кирпичный шағын ауданының бұрынғы тұрғыны қазір осындай су жаңа пәтерде тұрып жатыр. 3 баланың анасы бұрынғы үйіндегі жағдайды қорқынышпен еске алады. Бақытты отбасы өткен жылы жаңа пәтердің кілтін алған.

Ляззат Шегебаева, қала тұрғыны:

Кухнямызда ағаш өсіп тұрды. Оны үнемі кесіп отырдық. Шелдер болды, үйде крысалар болды. Балаларымыз үшін қорқатынбыз. Тамақ қоюға қорқатынбыз. Қаншама қиындықтар болды. Үйіміз әне-міне құлайды деп, 3 жыл күттік. 3 жылда алған үйміміз жақсы, қыста жылы болып шықты.

2017 жылдың аяғына дейін 157 тұрғын үй сүрілуі тиіс. 2018-2020 жылдар аралығында апатты үйлерді бұзудың екінші кезеңі жүзеге асырылады. Әкімдіктегілер ешкім де апатты үйде қалмайды деп уәде берді.

Берік ХАСЕНОВ