$474.83 €515.38 ₽5.5
×

Өскеменде қоймадағы өртті сөндіру кезінде қауіпті қалдықтар табылды

AstanaTV
06.04.2016ж. 20:00
1377
Өскеменде қоймадағы өртті сөндіру кезінде қауіпті қалдықтар табылды

Өскеменнің Защита шағын ауданында қауіпті қалдықтар табылды. Қоймалардың бірінде болған өртті сөндіруге келген құтқарушылар жалын арасынан құрамы белгісіз өндірістік қалдықтар салынған қаптарды тауып алды. Оқиға орнына экологтар шақыртылған.

Бұл бейнежазбаны тұрғындар ұялы телефондарына түсіріп алады. Түтін иісі көзді ашытып, тыныс жолдарын күйдірді дейді куәгерлер. Алаңда салмағы 500 келіден кем түспейтін қаптар үйіліп жатыр. Мамандар әдетте оларға өндірістік қалдықтар салынатынын айтты. Кейбірінде "аммиак қышқылы, тотықтандырғыш" деген жазулар сақталған. Олар төртінші санатты қауіптілігі бар химиялық тыңайтқыш ретінде қолданылады.

Елена Полянцева, ШҚО экологиялық қауіпсіздік орталығының маманы:

Ұнтақ темірдей ауыр. Кәсіпорын басшылығынан мардымды жауап ала алмадық. Бейресми ақпарат көздерінен қаптарды белгісіз біреулердің әкеліп-әкететіні жайлы білдік, ешқандай құжаттары да жоқ. Қаптағы қалдықтың нақты не екенін білмейміз. Сынамалар алып, Экология департаментіне жібердік.

Өрт сөндірілген соң қоймада жұмыс қайта жалғасты. Экологтар, зертхана қорытындысы келмей жатып, қалдық туралы нақты бірдеме айтуға ерте, дейді. Ал табиғат қорғау прокурорлары қаптардың қандай кәсіпорыннан шыққанын тексеруге кірісті.

Азамат АЛДОҢҒАРОВ