$478.93 €534.96 ₽5.16
×

Судандағы жағдай әлі саябырсыған жоқ

AstanaTV
24.04.2023ж. 20:00
1157
Судандағы жағдай әлі саябырсыған жоқ

Судандағы жағдай әлі саябырсыған жоқ. 10 күнге созылған қарулы қақтығыстан қарапайым халық зардап шегуде. Қалаларда тұтанған отты сөндіру мүмкін болмай тұр. Ал, әлемдегі ең бай адамдардың бірі Илон Маск Марсқа зымыран ұшырмақ. Колифорниядағы Дисней лэнд ойын-сауық орталығында аттракциондардың бірін қызыл жалын жайпады. Өзге елдегі жаңалықтың бәрін бір сюжетке топтастырдық. Сүндет Оралбеков тарқатсын.

STARSHIP ЗЫМЫРАНЫ ҰШЫРЫЛАДЫ

Илон Маск бір-екі айдан кейін Starship зымыранын қайта ұшыратынын жариялады. Қазір ұшыру алаңын ретке келтіруде. Starship - бұл бұрын-соңды болмаған ең қуатты ғарыш кемесі. Болашақта ол Марс пен Айға адамдарды тасымалдау үшін пайдаланылуы ықтимал. Зымыран осыған дейін де көкке көтерілген. Бірақ, әуеде 4 минут қалықтаған соң жарылған болатын. Осы жайттан кейін Масктың байлығы 11 миллиард долларға дейін кеміді. Дегенмен ол әлі де FORBES рейтингінде екінші сатыда тұр.

ҚАҚТЫҒЫС ТЫЙЫЛАР ЕМЕС

Судан астанасы Хартумде қарулы қақтығыстар тыйылар емес. Соңғы әуе шабуылдары тұрғын үйлерге жасалған. Қалада бірнеше күн бойы электр қуаты мен ауызсу жоқ. Сондай-ақ интернет желісі жұмыс істемей тұр. Жергілікті тұрғындар азық-түлікке зәру. Бұған жеткізу қызметінің тежелуі себеп. Шиеленіс бұрыннан келе жатқан, екі жоғары әскери қолбасшылар арасында өрши түсті. Қазіргі таңда кей мемлекеттер қауіпті аймақтардан өз азаматтарын көшіруге кіріскен. Ұлыбританиядан кейін Франция да өз дипломаттарын және әскерилерін эвакуациялап жатыр. Соңғы бір тәулік ішінде елден 100-ге жуық Франция азаматы кеткен. Сондай-ақ қазір Иордания, Испания, Германия және Нидерланд елі өз азаматтарын Суданнан шығаруға әрекет етуде. Қазір Қазақстанның үш азаматы Суданнан эвакуацияланған.

Айбек СМАДИЯРОВ, ҚР СІМ РЕСМИ ӨКІЛІ:

Біздің ақпаратымыз бойынша, ол жерде біздің үш азаматымыз болған, олар Суданнан шықты. Олардың бірі БҰҰ жүйесінде жұмыс істеген, ол қазір Эфиопияда, Аддис-Абебада. Тағы бір азамат жапондық компанияда жұмыс істеді, ол да жапон дипломаттарының күшімен эвакуацияланды.

АТТРАКЦИОН ӨРТЕНДІ

Калифорниядағы Диснейлендте 15 метрлік айдаһар өртенді. «Fantasmic» деп аталатын аттракционда үлкен аниматроника аузынан жалын шығара алады. Алайда сәтсіздік салдарынан айналаны өрт шарпыған. Шоу тоқтатылып, көрермендер мен актерлер қойылым алаңынан эвакуацияланды. Зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ, қазір «от шоуының» қандай себептермен өртке оранғаны анықталуда.