Блогер осы уақытқа дейін өзінің жары кім екенін хабарламай, фотосын да жарияламайтын. Алайда Айжан қоғам қысымынан шаршағанын жазып, күйеуінің фотосын жариялап, жазба қалдырды. Бұл туралы El.kz порталы хабарлады.
«Менен басқасының бәрі күйеуімнің фотосын жариялап үлгерді. Біреуді жасырсаң, жұрттың қызығушылығы одан сайын артатыны белгілі. Шамасы, отбасылық фотоны жариялап, оның кім екенін айту арқылы жұрттың қызығушылығына нүкте қоятын уақыт жетті. Бұдан кейін бізді ешкім аңдып, фотоға түсірмейтін болар. Кейде ешкім бізге қызықпаса екен деп, тыныштықты қалаймыз, бірақ менің өмірім тыныш өтпейтін секілді», – деп жазды Айжан Байзақова.
Артынша елдегі танымал Telegram каналдардың бірі Айжан Байзақованың жолдасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінде жұмыс істегенін жазды. Есімі – Арыстанбек Нұрбек. Қазір капитан шенімен отставкіге шыққан. Беделді отбасынан шыққан жігіт Алматыдағы танымал «Мирас» мектебінде оқыған. Алайда Telegram канал да, ақпараттық портал да Арыстанбек Нұрбектің қашан жұмыс істегенін, оның ҰҚК-ны Кәрім Мәсімов басқарған уақытта қызметте болғаны туралы мәлімет таратпады. Сондай-ақ пікір қалдырушылар Байзақованың о бастан комитетпен байланысы барын жазды.