$494.87 €520.65 ₽4.91
×

74 жастағы әжей спортпен не үшін айналысатынын айтты

AstanaTV
25.04.2023ж. 15:46
976
74 жастағы әжей спортпен не үшін айналысатынын айтты

Алматы облысы Қайнар ауылында тұратын 74 жастағы зейнеткер Батиқа Жөнкешова фитнеске қатысып, зілтемір көтереді. Салауатты өмір салтын ұстанып жүрген әжей денсаулығы сыр бергендіктен спортпен айналысуға бел буған, деп жазады KAZ.NUR.KZ  

Батиқа Жөнкешова жарымен бірге осыдан 10 жыл бұрын Сарқан ауданынан Алматы маңындағы ауылға көшіп келген. Айтуынша, өмірлік жары дүниеден өткен соң, өзінің де денсаулығы сыр бере бастаған. Бел омыртқасындағы жарық маза бермеген соң, дәрігерлердің кеңесімен жиен қызы фитнеске жаздырған. 

"Мектеп қабырғасында жүргенде спортпен айналысқам. Бірақ тұрмысқа шыққаннан кейін оның бәрі қалды. Жолдасым ауылда мұғалім болды. Одан кейін бір жылдары ол кісі қатты ауырды. Содан ол кісі мұғалімдікті тастап, мал бағуға кірістік. 2012 жылы осында көшіп келдік. Фитнеске қатысып жүргеніме екі-үш айдың жүзі ғана болды. Мен қатты ауырдым. Белімде жарық бар екен. Ауруханаға да жатып шықтым. Буын-буыныма суық тиген болуы керек. Содан жиен қызым фитнеске қатысып жүр екен. Менің ауырғанымды күнде көреді ғой. "Менімен бірге фитнеске барыңызшы" деп, қызым қолқалады. Сонымен міне, үшінші ай болады спортпен айналысып жүргеніме", - дейді Батиқа әже.

Зейнет жасындағы әжей бір-екі жыл бұрын буын-буыны ісіп, қимылдай алмай жатып қалған кездері де болғанын айтады.

"Қимыл-қозғалыстың пайдасы бар екен, белім кішкене ауырады, енді жарық деген өзінен өзі жазылып кететін ауру емес қой. Қозғалыс көңіл-күйге де әсер етеді. Бапкерім бар. Сол жас жігіттің айтқанын жасап жүрмін. Мен сияқты апаларға айтарым, егер денсаулықтарың дұрыс болмай жүрсе, фитнеске барыңдар. Мен де еріккеннен барып жүргем жоқ", - дейді ол.