Түркістан облысындағы Арыс пен Отырар аудандарында шіркей қаптады. Әсіресе Көксарай су реттегіші мен Сырдария өзеніне жақын орналасқан елдімекен тұрғындары жәндікке таланып жатыр. Зиянкестің көптігі соншалық, тіпті далаға шығудан қалдық дейді жұрт. Ол ол ма, шіркейдің қара бұлттай төніп келетін шабуылынан жас төлдер тырапай асып өліп жатыр. Қыстан көтерем шыққан ірі қара-лар арам қатуда. Қысқасы, зиянды шіркейдің жолына ештеңе бөгет болмай тұр. Әріптесім Айзада Төребекқызы ауылға арнайы барды.
Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ, ТІЛШІ:
Көксарай ауылының тұрғындары шіркейден қорғану үшін мынадай тор бас киімдерді бастарынан тастамайтын болған. Сәуір басталғалы көрген күніміз осы дейді. Тіпті күндіз көшеге шығудан қалғандарын айтады. Қайта бүгін жел тұрып, құдай қарасып тұр дейді.
Бұл бөз орамалды тұрғындар қыстан қамдап қоятын көрінеді. Себебі, күн жылыса көретін күніміз осы дейді. 10 жыл бойы шіркеймен алысып келеді.
Мөлдір ҚАСЫМБЕК, КӨКСАРАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
ГЭС пайда болғалы шіркеймен алысып келе жатырмыз. Далаға шығып, рахаттанып тірлік істей алмаймыз. Қазір күн ысып келе жатыр. Далаға тамақ істеуіміз керек, нан жабуымыз керек.
Жанат НӘДЕНОВА, КӨКСАРАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Кішкентай немерелерімізге есікті құлыптап отыратын болдық. Іштен адам шыға алмайды далада, шықса баланың бәрі қып-қызыл жара басып кетеді. Сиыр сауып болғанша кәдімгі шиқан боламыз қып-қызыл. Аллергия деген өте қиын боп жатыр.
Гүлжазира Зұлпыхарованың денесінде жара қаптаған. Былтыр зиянкеске таланған, енді оған ем таба алмай жүр.
Гүлжан ЗҰЛПЫХАРОВА, КӨКСАРАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Қолым міне 6-7 айдан бері әлі жазылған жоқ. Түгел бүкіл тамырларымызға дейін тесіліп жатыр. Бармаған тәуібіміз қалған жоқ, бармаған дәрігеріміз қалған жоқ. Сол шаққаннан ғой. Сол улысы шағады екен, осындай боп қалады екен.
Шіркей адамдарға ғана емес, үй жануарларына да орасан зиян келтіріп жатыр.
Тұрғындардың айтуынша, былтыр шіркейге қарсы күрес шаралары жүргізілмеген. Дәрілеу жұмыстары енді ғана басталыпты.
Хайролла АЙМҰРЗАЕВ, КӨКСАРАЙ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Тендер жарияланып, өскенге деуір енді дәрі бөлген кезде олар уже ұшып, адамды шағып қойып жатыр да. Кешігіп жатыр, ол менің пікірім. Дәрілеп жатыр. Бірақ ол уже ұшып кеткеннен кейін ол безполезно. Оны біртіндеп ұстап, мұрнына дәрі сеппесең жеткізбейді.
Түркістан облысында биыл алты ауданда тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бір апта ғана кешіктірілді дейді жауаптылар.
Нұрсұлтан ЖАРАСОВ, ОТЫРАР АУДАНДЫҚ ТҮКШ БӨЛІМІНІҢ БАСШЫСЫ:
Отырар ауданында алдын ала белгіленген 8 елдімекенде залалсыздандыру жұмыстары жүргізілді. Оған қосымша тағы бес ауыл округі белгіленіп, сәуір айының аяғына дейін залалсыздандыру жүргізіледі. Енді шіркейге әсері міндетті түрде болады. Себебі, ол ошақтары залалсыздандырылып жатыр.
Алайда, соңғы он жылда көзі жойылмаған шіркейден түбегейлі құтыламыз дегенге отырарлықтар сене алмай отыр. Өйткені қара күзде тағы бас көтеретінін айтады.