Британдық Times Higher Education басылымы мен Thomson-Reuters ақпарат агенттігінің бірге жасаған рейтингі бойынша, Оксфорд университеті әлемдегі ең үздік оқу орны ретінде танылды,- деп хабарлады, «Азаттық».
Бұған дейін 13 жыл қатарынан бұл рейтингте америкалық университеттер бірінші орында болған. Бұл жолы Оксфорд бес жыл бойы осы рейтингте бірінші орында тұрған Калифорния техникалық университетінен озған.
Үшінші орында калифорниялық Стэнфорд, төртінші орында британиялық Кембридж, одан кейінгі орындарда Массачусетс техникалық институты, Гарвард университеті тұр. Үздік ондыққа алты америкалық жоғары оқу орны енген. Мәскеу мемлекеттік университеті 188-орын алған.
Бұл рейтингке Қазақстан университеттері енбеген, әрине...
Ал Парламент Мәжілісінің депутаты Ирина Смирнова білім беру саласын қаржыландыру мәселесін көтеріп, қазақстандық мұғалімдердің жалақысы тым аз екенін жеткізді.Үкімет жетекшісінің атына жолдаған депутаттық сауалда Еуропа мемлекеттерінде білім беру саласын қаржыландыру көлемі ішкі жалпы өнімге шаққанда 6-9 пайызды құрайтынын, соның нәтижесінде Германия сияқты елде мұғалімдердің жалақысы 4 мың еуроға дейін жететінін, ал көрші Қытайда мектеп мұғалімдері кем дегенде, 1 мың АҚШ долларын алатынын айтқан.
Ирина Смирнова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бізде болса, мұғалімдердің еңбекақысы 40-50 мың теңгені құрайды. Сынып жетекшілігі үшін 5-ақ мың қосады. Ондай жүйемен білім беру саласын дамыту қиын. Қазақстан да білім беру саласын қаржыландыру көлемін ішкі жалпы өнімге шаққанда 6-9 пайызға дейін жеткізуі тиіс.
Ал негізгі мамандығы мұғалім, білім вице-министрі болған Мұрат Әбенов «Бақ.кз» порталына берген сұхбатында былай деп жалғастырады:
«Менің
ойымша, құқық қорғау саласындағы мамандардың жалақысын көтергеннен гөрі
ұстаздардың айлығын өсіру тиімді. Себебі болашақта жетер жетістіктеріміздің
көбі партадан басталады. Оқушыларға сапалы білім беруге мүмкіндік жасамау –
болашақ ел экономикасын өз қолымызбен тұралату деген сөз. Ал құқық қорғау
саласындағылар ұстаздардан аз дегеннің өзінде екі есе көп айлық алады.
Қарапайым ғана қағидаға сүйеніп айтар болсақ, мектепте білімді, тәрбиелі,
сапалы оқушы тәрбиелей алсақ, қоғамдағы қылмыс пен тәртіпсіздікті азайта
аламыз. Яғни, мұғалімнің айлығын көтеру арқылы еліміздің экономикасын, дамуын
алға жылжыта алатын болсақ, екіншіден қоғамдағы қылмыстың азаюына да септігін
тигізе аламыз. Сондықтан, құқық қорғау саласынан гөрі ұстаздардың айлығын
көтеруде ұтарымыз көп».