$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Ортақ Отан: 130-дан астам ұлт өкілі елімізде қалай тұрып жатыр?

27.04.2023ж. 20:00
2639
Ортақ Отан: 130-дан астам ұлт өкілі елімізде қалай тұрып жатыр?

Бауырмал қазақтың шаңырағы қаншама ұлтқа пана болды. Әр кезеңде түрлі себептермен қазақ жеріне қоныс аударған өзге ұлыс өкілдеріне төрінен орын берді. Түрі басқа болғанымен, тілегі бір, жүзі басқа болғанымен, жүрегі бір Қазақстан халқы осы бірлік пен татулықтың арқасында жарқын болашаққа бет алып келеді. Мәдениеті мен салты сақталған бірлік шаңырағында ұйысқан ұлттық мәдени орталықтар да сол достықтың дәлелі деуге болады.

Әйкерім ПЕРНЕБЕК, ТІЛШІ:

Бүгінде «Достық» атты шаңырақ астына елімізде жүздеген этнос өкілдері шоғырланған. Әр ұлттың салт-дәстүрі жаңғыртуға, мәдениеті мен әдебиеті дамуда, тілі де жетілуде. Әр халықтың тарихы бір-бірімен сабақтасып, тығыз байланыста дейді тарихшы мамандар.

Ғазиза Шойбекованың айтуынша, этностардың бір-біріне мейірбандықпен қарап, бір үйдің балаларындай болуы-ерекше құндылық. Сондықтан Бірлік күнінің маңызы зор дейді.

Ғазиза ШОЙБЕКОВА, ҚАЗАҚ ҰЛТТЫҚ ҚЫЗДАР ПЕДАГОГИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІНІҢ ҚАУЫМДАСТЫРЫЛҒАН ПРОФЕССОРЫ:

Татулықты студент кезінен, бірінші курсқа келген кезінен түсіндіргіміз келеді. Біздің қазақ ұлт болғанымен. Олар бірінші кезекте адамзат баласы. Адамзат баласына сана, сезім, адамгершілік, құндалықтар деген ұғым ортақ болғандықтан. Қазақстан халқының бірлігі бірінші кезекте өмір сүру үшін маңызды деп санаймыз.

Еліміздің барлық өңірлерінде мерекеге дайындық жүріп жатыр. Ол күні түрлі ұлт пен ұлыстың өкілдері бір-біріне құрмет көрсетіп, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрыптарын паш етеді.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Дәстүрлерін де, салттарын да құрметтеуіміз керек. Енді олар кезінде әртүрлі тарихи жағдайлармен қоныс аударған ұлттар мен ұлыс өкілдері ғой.

- Қазақстан өте керемет ел ғой, мәдениетіне тәнтімін! Ең күштісі бұл жерде әртүрлі ұлттар бірігіп өмір сүреді. Мен бұл жерге оқуға келгенмін, кейіннен қатты ұнап мұғалім болып қалдым. 15 жыл болды.

- Мен Қазақстанда тұрғаныма өте қуаныштымын. Бізде бәрі түсіністікпен қарайды. Қонақжайлық қазақтың қанында бар.

- Бәрі сондай мейірімді, көмек беруге дайын тұрады, ал табиғат өте сұлу. Біз елімізді, әрине, сағынамыз, бірақ бұл жер екінші үйіміздей болып кетті.

Ал Оралдық Залинаның анасы - қазақ, әкесі – шешен. Қазақшаға жетік бойжеткен бірнеше тілде емін-еркін сөйлейді. Қазір ол режиссер мамандығы бойынша білім алып жатыр. Сонымен қатар қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады.

Залина АЛИЕВА, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Қазақ тілі менің ана тілім деп айтамын. Сол тілменен шешем мені әлдилеген. Еркелетіп «Құлыным, жаным» деген. Қазақ тілі менің ана тілім болып келеді. Мемлекеттік тіл. Мемлекеттік тілді білу парызымыз деп білеміз. Осы орайда 1 мамыр Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын дегім келеді. Бұл мейрам біз үшін өте керемет мейрам. Ассамблея күні деп те айтамыз өзіміз ішімізден. Біз бәріміз де әртүрліміз, түріміз, ұлтымыз бөлек болса да, біз тату-тәтті болып, бір отбасыдай Қазақ елінде бейбіт өмір сүрудеміз.

Ұлттық санақтың нәтижесі бойынша еліміздегі халықтың 70 проценттен астамы қазақ. Онан кейін орыс, өзбек, украиндер тұр. Ауызбіршілік пен келісім, басты құндылық ел үшін деп түсінетін отандастарымыздың мақсаты бір, тілегі бір.