Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

«Еліміздің тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы бәрінен қымбат», - Президент

27.04.2023ж. 20:00
910
«Еліміздің тәуелсіздігі және аумақтық тұтастығы бәрінен қымбат», - Президент

Бейбіт елдің бақыты - бірлікте. Тереңіне үңілсеңіз тұрақтылықтың темірқазығы екенін ұғасыз. Бұл қоғамның басты ұраны. Мемлекетімізде тіл үйренуге, әлеуметтік көмек алуға, оқуға, өнер, спортпен айналысуға барлығына теңдей мүмкіндік берілген. Алалау, шеттету, бөліну, кемсіту жоқ. Сондықтан болса керек, қай этностан сұрасаңыз өздерін бақытты санайды. «Біздің төлқұжатымызға ие болу – халықаралық аренада беделді елдің азаматы болу» деп Мемлекет басшысы мәртебені мерейлендірді. Қазақстан халқы Ассамблеясының Әділетті Қазақстан: бірлік, тұрақтылық, даму» атты 32-ші сессиясының пленарлық отырысында көтерілген бастамалардың тұздығын Бекболат Сатуов жеткізеді.

Бекболат САТУОВ, ТІЛШІ:

«Әрбір азамат бірлікті нығайту үшін қызмет етуі керек. Өйткені бірлік болса ғана, тірлік болады», - деді Президент. Ал Ассамблея – мемлекеттілігіміздің іргесін бекітіп тұрған басты институт. Қасиетті қазақ жерін мекен еткен барша этносты ұйыстырып отыр. Мемлекет басшысы, татулық пен келісім тек мемлекеттік саясатта емес, қоғамда, үйде, ұжымда, жалпы, барлық жерде дәріптелуі қажет екенін айтты. Себебі, бірлік- мемлекетіміздің басты тірегі деді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстан халқы Ассамблеясы – бірлігімізді нығайтуға қызмет ететін бірегей құрылым. Ассамблея қасиетті қазақ жерін мекен еткен барша этносты ұйыстырып отыр. Онда еңбек етіп жүрген азаматтарды бірліктің елшісі деуге болады.

«Қазақстандағы барлық этнос өкілдері қазақтың болмысын бойына сіңіруде. Елімізде қазақтың салт-дәстүрін ұстанатын өзге ұлт өкілдері өте көп. Оны өздеріңіз жақсы білесіздер. Қазақстан олар үшін туып-өскен, ержеткен, білім алған, отбасын құрған қастерлі мекені, Отаны болып саналады. Бұл – табиғи үрдіс» деген Президент дәстүрдің бітеқайнасып жатқанын айтты.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Дәстүрлердің осылайша бітеқайнасуы, этносаралық және конфессияаралық келісім, өзге мәдениетке толерантты болу – біздің баға жетпес байлығымыз, қазіргі тілмен айтсақ, ұлттық брендіміз. Отансүйгіштік, әдептілік, қонақжайлық, еңбекқорлық, халықтық дәстүрлер мен отбасы құндылықтарын құрметтеу ұлтымыздың мәдени және адамгершілік қасиеттері саналады.

Мемлекеттік тілді әр Қазақстан азаматы білуі тиіс. Сол арқылы қаншалықты патриот екенін көрсетеді. Оның қолданыс аясын кеңейту бүкіл қоғам болып шешетін тарихи міндет деді. Әрі тілге қатысты пікірталас этникалық емес, азаматтық, саяси сипатқа ие екенін түсіну керегін жеткізді. Бұдан өзге, мемлекеттік тілді тиісті деңгейде меңгермеген адамдар қысым көрмеуі қажет деді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Барлық азаматтың мемлекеттік тілді меңгеру мәселесі саясатымыздың стратегиялық бағыты болып қала береді. Қазақ тілі – азаматтық интеграцияның тиімді құралы, мәдени-рухани тұтастықтың жарқын көрінісі. Сондай-ақ қазақ тілі ғылыми прогресс пен білімнің озық жетістіктеріне жол ашатын құралға айналуы керек.

Еліміздің әрбір азаматы өз сөзі мен әрекеті үшін жауап беруге тиіс. Эмоцияға бой алдырып, алауыздық пен өшпенділіктің жетегіне еруге болмайды деді. Өйткені халқымыздың ынтымағы мен бірлігі тағдырдың бізге бере салған сыйы емес. Оған жұртымыздың табандылығының арқасында қол жеткіздік. Ешкімді бөліп жармай, ұлтына, дініне қарап кемсітуге болмайды,- деді Президент. Көк байрақ пен төлқұжаттың мәртебесіне де ерекше тоқталды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қазақстанның көк байрағы қасиетті Тәуелсіздігімізді, сан ғасырлық мемлекеттігімізді айқын бейнелейді. Біздің көк паспортымыз бен көк байрағымыз – тарихымызбен астасқан және миллиондаған адамның жүрегінен орын алған бірегейлігіміздің нағыз символы. Барлық елдерге еркін бара алу және өзін заманауи әлемнің ажырамас бөлігі ретінде сезіну деген сөз. Бұл әрқашан және барлық жерде өз мемлекетіңіздің қорғауында болу дегенді білдіреді.

Сондай-ақ, президент Ассамблея және билік органдары өзара тығыз байланыста болуға тиіс деді. Мемлекеттік орган басшылары Ассамблея өкілдерімен тұрақты кездесіп отыруы қажет деп тапсырма берді.

Геннадий ШИПОВСКИХ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ СЕНАТЫНЫҢ ДЕПУТАТЫ:

Президент мырза бүгін өте маңызды мәселелерді көтерді. Енді сөзсіз, бұл менің ғана пікірім емес, бүкіл әлемдік сарапшылардың пікірі бойынша Қазақстан әлем бойынша осындай, тұрақтылық, бірлік, әрі нақты дамудың орталығы болып табылады. Оның ішінде Қазақстан Ассамблеясының атқарып жатқан жұмысы, рөлі өте зор.

Осман ТӨЛЕҒҰЛ, ҚХА ДЕЛЕГАТЫ:

Панелдік отырыс менің ойымша өте маңызды болды. Ешқандай бұрынғыдай алдын -ала дайындап сөйлеу емес, еркін пікір алмасу. Бүкіл өңірдің, бүкіл саланың азаматтары қатысты деп айтуыма болады. Өте жақсы ұсыныстар айтылды.

Осылайша Қасым-Жомарт Тоқаев Ассамблея қызметін біртіндеп ұлттық ықпалдастық институтына айналдыру керегін жеткізді. Жиын соңында Мемлекет басшысы Ассамблеяның жаңа сыйлықтары мен орденін бекітуді ұсынды. Сондай-ақ, «Алға, Петербург» YouTube-каналының авторы, блогер Иван Червинский мен «Шапағат» медалінің иегері, «Сөйле» тілдесу клубының қазақ тілі оқытушысы Алина Канға Президент Алғыс хатын табыстады.