$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Келесте мектеп мұғалімдері оқушының орнына тест тапсырып берген

AstanaTV
28.04.2023ж. 11:10
1442
Келесте мектеп мұғалімдері оқушының орнына тест тапсырып берген

Түркістан облысы Келес ауданында 9-сынып оқушысының тест тапсырмаларын мұғалімдер орындап берген, деп хабарлайды ҚазАқпарат otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Мұндай фактіні облыстық Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаментінің қызметкерлері анықтады.

Департамент басшысы Ғалымжан Алматовтың мәліметінше, оқиға «Болашақ» атындағы №43 жалпы орта мектепте болған.

Сала жауаптылары мемлекеттік аттестаттауға бақылаушы ретінде қатысу барысында әжетханаға сұранып шыққан оқушының тапсырмаларын компьютеріндегі паролі арқылы қашықтан басқарылғанын анықтаған. Оның видеосы да пайда болды. Бейнежазбадан 13-ші сұрақ белгіленбеген қалпында және қызыл белгіні көрсетіп тұрғанын байқауға болады. Алайда оқушы пароль, логинімен қайта кірсе, бұл сұрақтың жауабы белгіленген.

Аталған оқиға бойынша мектеп директорына сөгіс түріндегі тәртіптік жаза қолданылды.

Ал Арыс қаласындағы Б.Момышұлы атындағы №11 мектепте оқушылардың білім деңгейін тестілеу кезінде 9 «В» сынып оқушысынан ұялы телефон табылған. Тыйым салынған заттарды анықтау актісі жасалып, тест тапсырушы аудиториядан шығарылған. Бұл жағдайға қатысты да аталған білім ұясының директорының міндетін атқарушыға сөгіс берілді.