Павлодар билігі тұрақтандыру
қорында сақталған өнім бағасын төмендетуге мәжбүр. Әуелде пияздың келісін 45
теңгеден сатып алған қор, енді оны 20 теңгемен босатуда. Әйтпесе қоймада қалған 160 тонна пияз ысырап
болмақ. Өткен жылдың қазанынан бері 200 тонна пияз қоймада сақталып, комиссия
шешімімен ақпаннан саудалана бастады. Ол
кезде келісі 52 теңгемен босатылса, наурыздағы баға 35 теңгені құраған.
Қор
басшысының айтуынша, бұның өзіндік себебі бар. Жыл сайын бағаны мамырға дейін ұстап тұруға ықпал
жасайтын. Алайда, биыл жағдай өзгерді. Нарықты қырғыз бен оңтүстіктің арзан
өнімі басып қалғандықтан, пияздың келісі бастапқы құнынан 50 пайызға төмен
саудаланып жатыр. Ал тұтынушылар көкөністі дүкен сөрелерінен 40-45 теңгеге
сатып алуда.
Руслан Әубәкіров, "Ертіс өркені" ЖШС бас директоры:
Биыл ауыр жыл болды.
Қырғызстаннан келген арзан өнімнен бөлек, елдің оңтүстігіндегі баға да өзгеріске
ұшырады. Қазір ондағы қоймалар пиязды 10 теңгемен босатып жатыр. Сондықтан арнайы комиссия шығын көлемін ұлғайтпау үшін көкөніс құнын 20 теңгеге түсіру
туралы шешім қабылдады.
Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ