Спорт Қазақстан
$444.14 €477.05 ₽4.85
×

Астанада мыңнан астам адам аутизм бар балаларды қолдау үшін қайырымдылық жүгіруге қатысты

AstanaTV
29.04.2023ж. 17:18
1056
Астанада мыңнан астам адам аутизм бар балаларды қолдау үшін қайырымдылық жүгіруге  қатысты

29 сәуір күні Астанда тұңғыш рет «Run for autism» қайырымдылық жүгіру жарысы өткізілді. Сатылымдағы билеттерден түскен 6 млн теңгеден астам қайырымдылық қаражат «Болашақ» қорының «Әр бала мектепке баруға лайықты» жобасы шегінде аутизмі бар және басқа да менталдық бұзылушылықтары бар балаларға арналған инклюзивті білім беруді дамытуға бағытталады. Іс-шараның ұйымдастырушысы – «Болашақ» корпоративтік қоры. Шара Астана қаласы әкімдігінің және серіктестердің қолдауымен жүзеге асырылды.

Қайырымдылық жүгірістің мақсаты – жұртшылықтың аутизм туралы хабардарлығын арттыру, аутизм бар адамдардың өмір сапасын жақсарту және олардың әлеуметтенуі мен өз қабілеттерін іске асыруға жағдайлардың жасалуын қамтамасыз ету.

Жүгіріс 2 сәуірде атап өтілетін Дүниежүзілік аутизм мәселесі туралы ақпаратты тарату күніне орайластырылған. Бұл күн аутизм бар балалардың мәселелеріне назар аудару мақсатымен 2007 жылдың желтоқсанында БҰҰ Бас Ассамблеясының қарарымен белгіленген болатын. Бас Ассамблеяның қарарында аутизм бар балалардың саны көп болуына алаңдаушылық білдірілген, ерте диагностикалау мен тиісті тексеруден өтудің маңыздылығы көрсетілген. Жыл сайын сәуір айы бойы аутизм спектрі бұзылған адамдарға көмектесу үшін науқандар мен ақпараттық-түсіндіру жұмстары өткізіледі.

Аутизм ерте балалық шақта көрінеді және жынысына, нәсіліне немесе әлеуметтік-экономикалық жағдайына қарамайды. Аутизм оқытудың стандартты емес әдістерімен, белгілі бір тақырыптарға асқан қызығушылықпен, мінез-құлыққа бейімділікпен және күнделікті қарым-қатынаста қиындықтармен сипатталады. Өкінішке орай мұның бәрі мұндай балалардың әлеуметтік бейімсізденуіне соқтырады. Бірақ мінез-құлықты сауатты түзету арқылы, жеке ерекшеліктерді ескере отырып, мейірімділік танытатын болсақ, аутизм бар адамдар тең мүмкіндіктерді пайдалана алады және қоғам өміріне сәтті араласа алады.

Ресми деректерге сәйкес Қазақстанда аутизм диагнозы қойылған 9 мыңға жуық бала тұрады, оның ішінде Республикалық психологиялық-медициналық-педагогикалық консультацияның деректеріне сәйкес 2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 2 256 аутизм бар бала Астана қаласында тұрады. Бейресми деректерге сәйкес (ДДҰ деректері) әлемдегі әрбір 54-ші балада аутистикалық спектрдің бұзылуы бар. Өкінішке орай жыл сайын бұл сан өсіп келеді. 2015 жылдан бері «Болашақ» қоры «Әр бала мектепке баруға лайықты» жобасы аясында Қазақстанның 22 қаласында мектептер мен балабақшаларда инклюзияны қолдаудың 46 кабинетін ашты. Аутизм және дамуында басқа да ерекшеліктері бар 700-ден астам бала мектепке баруға мүмкіндік алды.

Қайырымдылық жүгіріске кәсіби спортшылар, жүгірушілер, әуесқой спортшылар, ерекше балалар, ата-аналар және басқалар қатысты. Іс-шараның қонақтары: ММА және джиу-джитсудан бес дүркін әлем чемпионы, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері Айдар Махметов, ауыр атлетикадан екі дүркін әлем чемпионы, екі дүркін Еуропа чемпионы, Қазақстан чемпионы, Азия және Азия ойындарының чемпионы Светлана Подобедова, сондай-ақ күш нөмірлері бойынша төрт дүркін рекордсмен, Гиннесс кітабының рекордсмені және Қазақстанның алты дүркін рекордсмені палуан Сергей Цырульников және басқалар.

Жүгіріс төрт дистанция бойынша өтті: 1 км, 2,5 км, 5 км және 10 км. Қатысу құны 4 990 теңгеден 7 990 теңгеге дейін болды. қайырымдылық жүгіріске барлығы 1 017 адам қатысты. Жүгіріске елорда тұрғындары ғана емес, Алматы, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Теміртау және Семей сияқты басқа қалалардан келген қатысушылар да болды. Сондай-ақ жүгіріске дамуында ерекшеліктері бар 16 бала қатысты. Іс-шараға қатысқан әйел адамдар мен ер адамдардың саны шамамен бірдей болды.

Әр қашықтықтан жүлделі орындарға ие болған жарыс жеңімпаздары іс-шараның атақты спортшылары мен серіктестерінің қолынан дипломдар мен медальдар алды. Мәреге жеткен барлық қатысушылар естелік медальдарға ие болды. Сонымен қатар жарысқа қатысушылар қатысушы дорбасын алды, оған шоппер, футболка, жүгіріске арналған нөмір, ұтыс ойын нөмірі, тамаққа талон, бағдарлама және спорттық батончик кірді.

Іс-шара шегінде аутизм және дамуында басқа да ерекшеліктері бар балаларға арналған «Көңілді старттар» спорттық-ойын-сауық эстафетасы ұйымдастырылды. Командалық ойындарға 5 пен 14 жас аралығындағы аутизм бар, психикалық және сөйлеу тілі дамуы тежелген, Даун синдромымен және т.б. 100-ден астам бала қатысты. Эстафета қорытындылары бойынша әрбір жас қатысушыға медаль және іс-шараның серіктесінен сыйлық қорапшасы табысталды. Сонымен бірге балалар арасында балалар велосипедтері де ойнатылды.

Барлық қатысушылар арасында бағалы жүлделер: Apple iPhone 14Pro смартфондары, ересектерге және балаларға арналған тау велосипедтері, «Oxy Fit&Gym» фитнес-клубына абонементтер, «Darmed» клиникасында денсаулықты толық тексеру секілді сыйлықтар ойнатылады.

«Бұл жүгіріс арқылы біз аутизм бар ересектер мен балалардың мәселелеріне барынша көп халықтың назарын аударғымыз келеді. Біз жүгіріске көп адам тіркелгеніне қуаныштымыз, бірінші жүгіріс үшін бұл өте жақсы көрсеткіш. Бүгін бізбен бірге жүгірген әрбір адамға үлкен рахмет. Жүгіріс жыл сайын өтетін шараға айналады деген үміттеміз. Бұл бастаманы елорда әкімдігі қолдағанына өте ризамын. Бұл үлкен бірлескен жұмыстың бастамасы болып отыр. Қазіргі таңда әкімдікпен алдағы бірнеше жылға қалада инклюзивті білім беруді дамытудың жоспарын әзірлеп жатырмыз. Бүгінгі жүгіріс Астана әкімі Жеңіс Қасымбектің қолдауының арқасында өтті. Бірінші басшылар ерекше қажеттіліктері бар адамдардың мәселелерін түсініп, оған ортақтас болып, құқықтары мен мүмкіндіктері тең инклюзивті қоғамды дамыту мәселелерін шешуге жүйелі түрде қарауға ұмтылса, бұл өте бағалы», - деп атап өтті «Болашақ» қорының Қамқоршылық кеңесінің төрайымы Динара Гаплан.

Мейірхан Әйіпов жұбайы мен 16 жасар ұлы Мәдимен бірге жүгіріске Алматыдан келді. Мәдиде аутизм бар және бұл оның өміріндегі екінші жүгіріс. «Run for autism»-де Мәди ата-анасымен 2,5 шақырым жүгірді.

«Бұл аутизм бар балаларға арналған алғашқы қайырымдылық жүгіріс, қаражат аутизм бар балалардың дамуына бағытталады, осы іс-шараның арқасында қоғам аутизм бар балалар туралы көбірек білетін болады. Қайырымдылық жүгіріс ата-аналарды балаларын спортқа баулуға, салауатты өмір салтына ұмтылуға ынталандырады. Сонымен қатар бұл басқа ерекше балалардың ата-аналарымен кездесу алаңы: біз бір-бірімізбен танысамыз, балаларымыз бір-бірімен танысады. Бұл біздің өміріміздегі екінші марафон, бір апта бұрын Мәди Алматыда марафонға қатысқан. Мәди жүзумен белсенді айналысады», - деді Мәдидің анасы Ақжан Шалабаева.

Қайырымдылық жүгіріс Астана қаласы әкімдігінің, NAK холдингінің, «BF Mereke» қоғамдық қайырымдылық қорының, «Astana Railways», «YDA» компанияларының, «SF» қазақстандық дәмді тағамдар желісі, «Astana Invest», «Myd Production» компанияларының, «G-life» еолордалық ас суы, NAURYZ HALF MARATHON, «Мир равных возможностей» қорының, «TECHNODOM», «Tion» компанияларының, «Oxy Fit&Gym» фитнес-клубының, «Darmed» клиникасының, сондай-ақ Қазақстан спортшылар одағының және «Nomad Triathlon Club» қолдауымен жүргізілді.

Жүгірістің ақпараттық серіктестері: ҚР Президентінің телерадиокешені, «Sputnik Қазақстан» ақпараттық агенттігі, «NUR Media» медиахолдингі, «Хабар» агенттігі, «QazContent» акционерлік қоғамы, «Қазақ радиолары», «Sxodim Group» медиахолдингі.