Отбасылық психолог, елімізге танымал білікті маман Ержан Мырзабаев ене мен келіннің ара-қатынасына тоқталып, екі тараптың жиі жіберетін қателіктеріне тоқталды, деп хабарлайды "Оян" бағдарламасына сілтеме жасаған KAZ.NUR.KZ.
"Ең алдымен саналы ене баласының үйленіп, бөлек отбасын құрғанын қабылдауы керек. Олар жаңа әрі бөлек отбасы және өзіндік шекаралары бар. Олар ата-анасынан көрген тәрбиесі және өзіндік өмірлік құндылықтарымен жаңа отбасын құрады. Егер ене осы жеке шекараларды білсе, келін мен ене арасында ешқашан проблема болмайды. Екіншіден, келінді қыздай көрген дұрыс емес. Келін қыз емес, енең анаң емес. Бүкіл проблема осыдан шығады. Басында "қызым, қызым" дейді. Сосын: "қызым сияқты телефон соқпады, қызым сияқты көңілімді таппады, қызым сияқты көңілімнен шықпады",- деп, қызымен салыстыра бастайды.
Келіннің де келе сала "мама, мама" дегені дұрыс емес. Бұл - жасандылық. Ол өзінің анасына еркелеген қылықтарын енесінің алдында істей бастайды да, проблема туындайды. Бұл жерде ене өзінің ене екенін, келін өзінің келін екенін білу керек. Ене деген келінге мүлде басқа адам. Келін мен енені байланыстырып тұрған адам - бірінің баласы, бірінің күйеуі. Енемен қарым-қатынас жақсы болуы үшін алдымен күйеуімен жақсы байланысты болуы керек.
Енелерді біз көбіне жалғыз адам ретінде есептейміз. Бірақ енелердің де күйеуі бар екенін ұмытпау қажет. Олар бір әулет болғанымен, бөлек отбасы. Енелердің 90 пайызы балаларын қызғанады. Неге? Өйткені өзінің күйеуімен қарым-қатынасында проблема бар. Сіз іштегі махаббат пен сүйіспеншілікті өз жарыңызға бере алмаған кезде оны ұлыңызға бересіз. Сосын оны күйеуіңіз сияқты көріп, басқалардан қызғана бастайсыз", - деді Ержан Мырзабаев.