Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

«Ұңғыма қаздыру үшін кемінде 300 мың теңге керек», - ауыл тұрғыны

02.05.2023ж. 20:00
1830
«Ұңғыма қаздыру үшін кемінде 300 мың теңге керек», - ауыл тұрғыны

Қостанай облысындағы Қостанай ауданына қарасты Мәскеу ауылының тұрғындары ауыз судың азабын тартып отыр. Елдімекенде құдық атымен жоқ. Жұрт амалсыздан қомақты ақша төлеп, ұңғыма қаздырып жатыр. Оның суы да ішуге жарамсыз. Ауылға ауыз су қашан бұйырады? Заңғар Санай баяндайды.

Гауһар Темірханқызы күн сайын жүз литр су тасиды. Жас келіншек ұңғыманың тұщы суын көршісінен сатып алатынын айтады.

Гауһар КЕҢЕС, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Екі көршіден кейін алам суды. Бізде өзімізде су жоқ. Су әлі тартылған жоқ. Екі-үш жыл болды су тартылады дегеніне.

Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:

Ауыз судан тарыққан ауыл тұрғындары амалсыз ақшасын төлеп, ауласынан ұңғыма қаздырған. Ал шамасы жетпегендер әлгі көршісінен су сатып алады. Айына 500 теңгеден 2 мың теңге аралығында ақша төлейтін көрінеді.

Исламғали БЕЙСЕНОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Адамдар келіседі. Менде скважина бар. Анда скважина бар. Содан кейін флягтап тасып жүреді. Солардың ішінде ішуге жарамайтындары да бар. Технический дегенім ғой.

Юрий РЕШЕТОВ, АУЫЛ ТҰРҒЫНЫ:

Бау-бақшаны суара алмаймыз. Ұңғыма қаздыру үшін кемінде 300 мың ақша керек. Өте қиын боп тұр.

Мәскеу ауылдық округінің тұрғындары отыз жылдан бері ауыз судың азабын тартып отыр. Елдімекенге екі жыл бұрын су құбыры салына бастады. Бірақ мердігер жұмысты созып жіберген. Биыл тамыз айында жоба толық аяқталып, ауыл тұрғындары ауыз суға қарық болады деп сендірді окург әкімі.

Нұрлан ҚҰЗАЙБЫН, МӘСКЕУ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:

Тапсырыс беруші - құрылыс бөлімі.Солардың айтуынша, биыл тамыз айында жұмыс толық аяқталады. Ауыл ішінде 60 құдық және 1600 метр құбыр желісін өткізу қалды.

Қостанай ауданындағы 17 елдімекенге су сырттан жеткізіледі. Жыл соңына дейін бес ауылға ауыз су тартылады деген жоспар бар. Ал облыс бойынша 52 жоба жүзеге асады. Бұл мақсатқа 21 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырылып отыр.