Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

«Елімізде мыңнан астам ауыл ауыз сумен қамтамасыз етілмеген», - министр

02.05.2023ж. 20:00
827
«Елімізде мыңнан астам ауыл ауыз сумен қамтамасыз етілмеген», - министр

Тек Мәскеу ауылы емес, елімізде мыңнан астам елдімекенде ауыз су жоқ. 600 мың адам сусап отыр. Алдағы уақытта жағдай тіпті қиындайды деген болжам бар. Қазақстан әлемдегі суға мұқтаж елдердің қатарына кіруі мүмкін. Кей өңірлерде су тазарту станцияларының құрылысы сағызша созылып кеткен. Ақмола облысында 10 жылдан бері бітпей тұрған нысан бар. Іздестіру-барлау жұмысы да уақытында басталмаған. Ал Қарағандыда конкурстық рәсімдер енді ғана өткізіліп жатыр. «Сақалды» құрылысқа айналған ауыз су жобаларын аяқтау ісінде шикілік көп деді Премьер министр бүгін Үкімет отырысында.

Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР ПРЕМЬЕР-МИНИСТРІ:

Соның кесірінен 220 мыңға жуық адам сапалы суға қол жеткізе алмай отыр. Сумен жабдықтау жүйесінде техникалық ақаулардың орын алуына негізінен инфрақұрылымның тозуы мен күрделі жөндеу жұмыстарының уақытылы жүргізілмеуі себеп болып отыр. Мысалы, сәуір айында магистральдық құбырдың жарылуынан Балқаш қаласы бірнеше күн бойы түгелдей ауыз сусыз қалды.

Астананың өзінде су тапшылығы сезіледі. Сондықтан мегаполисте суды уақытпен шектеу енгізілді. Қазір экология министрлігі мәселені шешуге тырысып жатыр. 3 жоба қарастырылуда.

Зүлфия СҮЛЕЙМЕНОВА, ҚР ЭКОЛОГИЯ ЖӘНЕ ТАБИҒИ РЕСУРСТАР МИНИСТРІ:

Биыл су мөлшерінің аздығы мен одан кейінгі су тапшылығын ескере отырып, Қ. Сәтбаев арнасынан Есіл өзені бойынша шамамен 60 млн текше метр, Нұра өзені бойынша шамамен 95 млн текше метр қосымша су беру туралы бірлескен шешім қабылданды. Оған қоса, Астана су қоймасының түбін шамамен 47 млн текше метр көлемінде түптік шөгінділерден тазарту қажет. Қазіргі уақытта Астана су қоймасын толтыру жобалық 410 млн текше метрден 334 млн текше метрді құрайды.