Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Жалпыхалықтық сенбілікке 62 мыңға жуық адам қатысты

02.05.2023ж. 20:00
802
Жалпыхалықтық сенбілікке 62 мыңға жуық адам қатысты

Елордада бір күнде 8 мыңнан астам көшет егілді. Бір мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Жалпы қаланың 3,3 миллион шаршы метр жері тазартылды. Бұл «Жасыл-Астана» экологиялық акциясына қатысқан астаналықтардың еңбегі.

Жалпы халықтық сенбілікке 62 мыңға жуық адам қатысты. Белсенділер бұл шара қаланы таза ұстауға, табиғатқа құрмет көрсетуге тәрбиелейді деп санайды. Акция аясында 8 мыңнан астам ағаш егілді. Жиылған жұрт бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, жұмылып еңбек етті. Тек орталық көшелер ғана емес, аулалар түгелімен тазартылды.

Досхан ТҰЯҚПАЕВ, «БАЙҚОҢЫР» АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Сенбілікке Байқоңыр ауданы бойынша 14 мың адам жұмылдырылған. Оның ішінде мемлекеттік қызметкерлер, Мәслихат депутаттары, қала тұрғындары бар. Біз бүгін қылқан жапырақты ағаштар ектік. Яғни, шырша, қарағай, бал қарағай, терек сынды ағаштар. Барлығы 1052-ге жуық.

Қаланың тазалығы үшін отбасымен тер төгіп жүргендер де болды. Қалалық мәслихат депутаты Бауыржан Қасымбергебаев қоғамға пайдалы істі атқару үшін таңмен таласа тұрып, асыға келгенін айтады.

Бауыржан ҚАСЫМБЕРГЕБАЕВ, ҚАЛАЛЫҚ МӘСЛИХАТ ДЕПУТАТЫ:

Біздің бүгінгі ісімізді кейінгі ұрпақтың да білгені абзал. Мен де өз қызыма үлгі болғым келеді. Таңертең ерте оятып, қайда баратынымды айттым. Бұл сенбіліктің мән-маңызын, қоршаған ортаға пайдасын түсіндірдім.

Сенбілікке қаланың барлық аймағында өтті. Тұрғындардың белсенділігі жоғары болды. Бір-біріне қолғабыс жасап, қаланың тазалығына үлес қосты.

Әли КӨМЕКБАЕВ, ҚР МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТ ІСТЕРІ АГЕНТТІГІ АСТАНА ҚАЛАСЫ БОЙЫНША ДЕПАРТАМЕНТІНІҢ БАСШЫСЫ:

Қаламыз таза, әдемі болып тұрса халық әдептілікті үйренеді. Ал қаланың тазалығы өзімізге, қала тұрғындарына байланысты. Сондықтан мұндай іс-шаралар жиі ұйымдастырылса. Тұрғындар өздері ұйымдасып сенбілікке шықса, ешкім бей-жәй қарамаса нұр үстіне нұр болады.

Сенбілік 6 мамырға дейін жалғасады. Шара аясында саябақтар мен жағалау маңы тазартылып, ескерткіштер ретке келтіріледі.