«AMANAT» партиясының өңірлік филиалдары Жеңіс күні қарсаңында бірқатар игі іс-шаралар өткізіп жатыр. «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында партияның Жетісу облысындағы «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері қайырымдылық акциясын ұйымдастырды.
Акцияның мақсаты – қарттарға әрдайым қол ұшын созу, олардың ертеңгі ел болашағы үшін еткен еңбегі мен өнегелі өмір жолынан тағлым алу.
«Қарттар – біздің асыл қазынамыз, еліміздің өсіп-өркендеуіне, бейбітшілікте өмір сүруімізге үлес қосқан асылдарымыз. Саналы ғұмырларын тынымсыз еңбек етумен өткізген алдыңғы буын аға-апаларымыздың еңбектері ерен. Олардың өмір жолдары бізге үлгі-өнеге. Бүгін біз сондай жандардың бірі қала тұрғыны, зейнеткер Раиса Федоровнаның үйіне барып, көмек көрсеттік», - дейді «Жастар Рухы» ЖҚ облыстық филиалының белсендісі Дария Ілияс.
Биыл мерейлі 90 жасқа толған Раиса Федоровнаны арнайы құттықтаған жастар тыл ардагерінің үйін, ауласын тазалап, қолғабыс етті.
Айта кетейік, «Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында бүгінге дейін облыс көлемінде 50-ден аса акция ұйымдастырылды. Жастар қанатының белсенділері аталған акцияны алдағы уақытта да ұйымшылдықпен өткізуді жоспарлап отыр.
Партияның Солтүстік Қазақстан облысындағы филиалының қызметкерлері Жеңіс күніне дайындық аясында қалалық сенбілікке қатысты. Олар Петропавл қаласындағы Жеңіс саябағын қоқыстан тазартып, қоршаған ортаны жақсартуға өз үлестерін қосты.
«Осындай акциялар үлкенге құрмет көрсететін дәстүрімізді паш етіп, тарихымызға деген құрметіміз бен Отанға деген сүйіспеншілігімізді арттырады. Жас ұрпақ бабаларымыздың ерлігі мен жасаған құрбандықтарын ұмытпауы үшін Ұлы Отан соғысына арналған әрбір ескерткішті қорғауымыз керек», - деп атап өтті «AMANAT» партиясының СҚО филиалының төрағасы Әсем Рахметова.
Осындай игі іс-шараны «AMANAT» партиясының Қызылорда облысындағы филиалы да ұйымдастырды. Мұнда партия өкілдері «TazaLike», «Ардагерлерді ардақтайық» жобалары аясында Қызылорда өңірінің тарихи ерекшеліктерін айшықтайтын «Сыр-Ана» монументінің маңын қоқыстан тазартып, ағаш отырғызды.
«Партиялық жоба аясындағы сенбілік жұмыстарының «Сыр ана» монументі маңынан басталуының да мәні бар. Себебі «Сыр- Алаштың анасы» деп бекер айтылмайды. Жаугершілік замандарда қазақтар Сырдария бойын паналаған. Одан бөлек Сырдарияның бойымен Жібек жолы керуені өткен және оның бойында тарихи қалалар орналасқан. Монументтің дария бойына орналасуы Сырдария өзенінің талайға пана да, ана да болғанын көрсетеді. Тарихтан сыр шертетін монумент жанына келіп серуендеп дем алушылар да көп. Сондықтан егілген ағаштарымыз көгеріп, демалушыларға сая, қалаға көрік болады деген ойдамыз»,- дейді партия филиалының Атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова.
«Ардагерлерді ардақтайық» жобасы аясында облыстағы «Жастар Рухы» Жастар қанатының белсенділері тыл ардагері, 85 жастағы зейнеттегі ұстаз Тұрлыбек Таумановтың үйінде болып, үй-жайын тазартып, батасын алып қайтты.
Сонымен қатар, партияның өзге де аумақтық филиалдары, бастауыш партия ұйымдары, «Жастар Рухы» жастар қанаты да сенбілік жұмыстарына белсенді қатысып жатыр. Олар «Мәңгілік алау» және басқа да тарихи ескерткіштер мен скверлерде, сондай-ақ Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің үйі мен ауласын тазалау, ағаш отырғызу жұмысына қатысты.