Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

«Блогерлер - аттаққұмар, жатыпішер, бопсалаушы», - депутат

03.05.2023ж. 20:00
1184
«Блогерлер - аттаққұмар, жатыпішер, бопсалаушы», - депутат

Сіз үшін блогер деген кім? Мәжіліс депутаты желі жұлдыздарын аттаққұмар, жатыпішер, бопсалаушыға балады. Оларды елге қауіп төндіреді деп санайды. Сол үшін блог жүргізушілердің жауапкершілігін күшейтетін заң қабылдауды ұсынды. Аружан Задабек толығырақ тарқатады.

Осыдан он шақты жыл бұрын қоғамда «блогер» деген атау пайда болды. Алғашында оларды жылдам ақпарат тарататын маман ретінде қабылдадық. Уақыт өте әр басқан қадамын қадағалап, қандай тағам жегініне дейін аңдитын болдық. Тіпті, айтқан сөзіне Құдайдай сеніп, алданған кезіміз де болды. Бұл мәселені бүгін мәжіліс депутаты Анас Баққожаев көтерді. Ол желі жұлдыздарын «жала жабатын, бопсалап ақша табатын, елдің берекесін бұзып, қауіпсіздігіне қатер төндіретін сауатсыз адамдар» – деді.

Анас БАҚҚОЖАЕВ, ҚР ПАРЛАМЕНТІ МӘЖІЛІСІНІҢ ДЕПУТАТЫ:

Сол алаяқтарға сеніп қалған қаншама адам суицид жасады, қаншауы денсаулығынан айрылды, тағы қаншамасы үйсіз-күйсіз қалып, қаңғырып кетті?! Олардың обалы кімге? Елде болып жатқан түрлі әлеуметтік жағдайларды өз ыңғайына бұрмалап, оған ұлтаралық рең беріп, елге жалған ақпарат таратқан блогерлердің де ісі майшаммен қаралуы керек еді

Заңнамада блогер мәртебесі айқындалмаған. Сондықтан болар, желі жұлдыздары ойына келгенін істейді – дейді депутаттар. Ал, заңгер Жандос Тұяқов заң жобасы бекітілгенімен бұл алаяқтықтың жолын кесе алмайтынын айтты. Егер мәселені майшаммен қарамаса,бұл ұсыныс желі жұлдыздарын қудалау болып есептелуі мүмкін,-деді.

Жандос ТҰЯҚОВ, ЗАҢГЕР:

Алаяқтықтың көзін жою деген тұжырымдама дұрыс болмайды деп санаймын. Мемлекетке салық төлеу мәселесін анықтау үшін бұл заңды қабылдау керек деп санаймын. Жалпы бұл заң қабылданған жағдайда ол заң сөз бостандығы принципіне тиіспеуі қажет. Ал егер ол азамат жалған ақпарат беріп жатса, біреудің ар-намысына нұсқан келтіріп жатса бұл азаматтық та заңнамада қарастырылып өткен.

Заңгер заң жобасын әзірлемес бұрын бұл талапты халық талқысына ұсыну керек – деді. Хош, біз жұрттың блогерлерге деген көзқарасын сұрадық. Пікір әр алуан.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Жастарға жақсы әсер беретін жақсы нәрсе түсіру керек деп ойлаймын. Құмар ойындарды жарнамалайды. Сол себепті олар халықтың қалтасына соғады. Болмайды ғой, дұрыс емес.

- Штраф деген болады ғой. Басқа мемлекеттерде, Америкада бар. Өтірік айтқандарға штраф салады, блокқа қояды.

- Өзімде блогер болғым келіп жүр ғой негізі. Подписчик жинап. Қазір енді күнкөріс қой. Заман сондай. Әркім өзінің табыс көзін табады ғой.

Қоғамда бұл мәселенің бары рас. Халық та оны жақсы біледі. Бірақ, бәріне бірдей топырақ шашуға болмайды – дейді. Десе де, жалған мәлімет пен бос сөз тарататын желі жұлдыздарына ақпарат майданындағы жауапкершілікті ұқтыруды олар да қалайды.