Спорт Қазақстан
$443.35 €475.54 ₽4.82
×

Алматыдағы 5571 әскери бөлімінде «Генерал» атты топ бар

03.05.2023ж. 20:00
846
Алматыдағы 5571 әскери бөлімінде «Генерал» атты топ бар

Алматыдағы 5571 әскери бөлімінде «Генерал» атты топ бар. Бұл - Ұлттық Ұландағы жалғыз шығармашылық ұжым. Репертуары халық әніне және түрлі эстрадалық, патриоттық әндерге бай өнерпаздар әр мерекеде көпшілікке ерекше көңіл күй сыйлайды. Мереке қарсаңында олар ардагерлер үйіне барып, Жеңісті жақындатқан жандарды құттықтады.

«Генерал» тобы -осыдан 9 жыл бұрын Ұлттық Ұланның Бас қолбасшысының қолдауымен құрылған топ. Содан бері шығармашылық ұжым әскери қызметшілердің рухын асқақтатып, мәдениетіміздің өркендеуіне атсалысып келеді. 10 адамнан құралған топтың репертуары бай. 300 - ге жуық ән бар.

Жанғали ӘБІШ, «ГЕНЕРАЛ» ТОБЫНЫҢ ӘНШІСІ:

Өзім жана бір әнді айтып жатқанда көзіме жас келгендей болды. Осы бейбітшілік заманда өмір сүріп жатқанымыз сол кісілердің арқасында. Ән айтқан кезде, әрине, жәй ғана айту емес, соны сезініп, халыққа, ардагерлерімізге жеткізуге тырысамыз.

Жүректен шыққан ән тыңдармандардың да жүрегіне жеткен тәрізді. Жұрт әр туындыны ерекше ықыласпен қабылдады. 90-нан асқан Валентина Ершова - тыл ардагері. Сұм соғыстың зардабын тартқан қария өткен күндер жайлы көзіне жас алып айтты. «Менің көргенім келер ұрпақтың басына түспесе екен» деген жалғыз тілегі бар.

Валентина ЕРШОВА, ТЫЛ АРДАГЕРІ:

Мен ризамын, алғысым шексіз. Осындай іс-шаралар бізге қуаныш сыйлайды. Барша қазақстандықтарды келе жатқан мерекемен құттықтаймын. Қазіргі буын соғыс атаулыны көрмесе екен деймін.

“Генерал” тобының жетекшісі, дирижер Елена Евстратенко 26 жыл бойы әскери қызметте болған. Қазір -запастағы майор. 9 жыл бұрын зейнетке шыға салысымен “Генерал” тобына қосылған. Оған музыка таңсық дүние емес. Себебі, Елена Евстратенко Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консверваториясын тәмамдаған. Бүгінде ол -посткеңестік кеңістіктегі жалғыз әскери дирижер. Осы ерекшелігі үшін арнайы Гиннесс рекордтар кітабына енген.

Елена ЕВСТРАТЕНКО, “ГЕНЕРАЛ” ТОБЫНЫҢ ЖЕТЕКШІСІ, ДИРИЖЕР:

Әскери адам болсақ та, бізге музыкамен айналысу ерекше ләззат сыйлайды. Шығармашылқ тобымыз жастардан құралған. Олардан күш-қуат аламын. “Музыка – менің тынысым” десем де болады. Алға қойған жоспарларымыз көп.

Шығармашылық ұжым әлі ұзақ уақыт бойы тыңдармандарға, ардагерлер мен әскери қызметшілерге мереке сыйлауға ниетті. Айта кету керек, Алматыда 58 соғыс ардагері бар. Олардың ерен еңбегі мен өшпес ерлігі ешқашан ұмытылмайды.