Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Шымкентте оқушылар оқулықсыз қалды

AstanaTV
04.05.2023ж. 09:32
800
Шымкентте оқушылар оқулықсыз қалды

Шымкентте екі мектеп оқулық кітаптарды даулап, соттасып жатыр,-деп хабарлайды Қазақстан Телеарнасы.

Бірі – мемлекеттік, екіншісі – жекеменшік білім ұясы. Алғашқысы кітаптарды құжатпен рәсімдеп бергенін дәлелдей алмай дал, ал кейінгісі алғанын мойындамайды. Екі ортада оқулық жетпегендіктен балалардың сабақ үлгерімі нашарлап барады.

Оқулық, әсіресе 7 сыныпқа жетпейді. Мұндағы оқушылардың жартысында кітап жоқ. Шамасы келген ата-ана қалғанын өз қаржысына сатып әперген. Қаржысы жетпегені электронды нұсқаулықтарды пайдаланып жүр.

Шахризада Шалабаева, ата-ана:

"Электронды оқулық ашқан соң баланың көңілі басқаға ауады. Өзге нәрсе көргісі келеді. Сол себепті баламның оқу үлгерімі нашарлап кетті"

Мұндай қиындық №80 мектеп лицейдегі жетіншіден өзге жоғары сыныптардың барлығында бар. Осыдан екі жыл бұрын білім ұясының 1 мың 100-ден астам оқушысы іргелес жекеменшік мектепке ауысқан. Жаңа оқу ордасында кітап жетпегендіктен оны өздерімен бірге ала кеткен. Бірақ екі жақты түзілген акт бойынша жыл соңында қайтарып беретін болып келісілген-дейді мектеп басшылығы.

Баян Әбдішүкірова, №80 мектеп-лицейінің директоры:

"Осы күнге дейін оқу жылының соңында қайтарамыз деп уәде беріп келген. Бүгінгі таңда енді кітап жоқ, оның бәрін қайтарып қойғанбыз деген әңгіме айтып жүр. Бірақ ол жақта біздің ата-аналар, оқушылар бар. Кітапты 8 наурыздың алдында жиып алғанын дәлел ретінде ұсына аламыз"

Мектеп лицей әзірге дейін өздеріне тиесілі оқулықтардың небәрі 3 мыңға жуығын ғана қайтарып алған.

Мектеп оқушыларына арналған мынадай 1 оқулықтың өзіндік құны – шамамен 2,5 мың теңге. Шымкент қаласындағы №80 мектеп лицей өз қорындағы осындай 10 мыңнан астам кітапты даулап ала алмай жүр. Оның жалпы бағасы 30 миллион теңгеге жуықтайды.

Лицейден сол жылы жекеменшік академиялық мектепке 45 сыныптың оқушысы ауысқан. Алайда мұндағылар көрші білім ұясынан оқулық алған жоқпыз, ешқандай келісім де болмаған дейді.

Азамат Қамбаров, академиялық мектептің директоры:

"Оқушыларды жіберген кезде жиналмаған. Бізге заң жүзінде құжат бойынша кітап өткізілмеген. Кітап саны белгілісіз. Оқушымен кеткен кітапқа мен жауапты емеспін"

Қалық білім басқармасы мамандары да бұл жайттан дер кезінде хабардар болмағанын айтады. Бірақ екі жақты келісім актісі мұндағы құжаттар тігіндісінде бар болып шықты.

Насихат Байзақова, қалалық білім басқармасының бас маманы:

"Оқулықтарды берген. Ол жөнінде білім басқармасына хабарламаған. Қазіргі таңда сот процесі жүріп жатқандықтан сот шешімі негізінде шешіледі"

Оқулық дауының соңына әзірге сот та нүкте қоя алатын емес. Бұған дейін екі сот отырысы болып, судьялар лицей мектебінің арзын қанағаттандырған. Алайда оған келіспеген қарсы жақ қайта шағымданып, соттасу әлі де жалғасып жатыр. Осылайша келісімге келе алмаған ұстаздардың арқасында шәкірттер екінші оқу жылын да оқулық кітабынсыз аяқтайтын болып тұр.