$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Қазақстан - Тәжікстанның ірі сауда серіктестерінің бірі

04.05.2023ж. 20:00
1402
Қазақстан - Тәжікстанның ірі сауда серіктестерінің бірі

Қазақ-тәжік байланысының артуы Орта Азия елдері үшін өте маңызды. Өйткені, Қазақстан - Тәжікстанның ірі сауда серіктестерінің бірі. Екі мемлекеттің ынтымақтастығы артса, өзге елдердегі кейбір түйткілді түйіндер де тарқалады. Қос тарап арасындағы іскерлік байланысқа сарапшылар осындай баға берді.

Су тапшылығы тек Қазақстанды алаңдатып отырған жоқ. Қазір бұл –төрт бірдей елдің мәселесіне айналған. 22 миллион адам таза ауыз суға жарымай отыр. 2050 жылға қарай бұл көрсеткіш, тіпті, арта түспек. Орта Азия суының 85 проценті Қытай мен Тәжікстанға тиесілі. Демек, судың қалыпты қорын қалыптастыру үшін қазақ-тәжік байланысын арттыру өте маңызды.

Риззат ЕЛУБАЕВ, САЯСАТТАНУШЫ:

Егер де екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық, экономикалық саласы тығыз байланыста болса, онда алдағы уақытта осы Қазақстан үшін түйіткілді су мәселесі біртіндеп-біртіндеп шешіледі деген сөз. Яғни, Орталық Азияда трансшекаралық су мәселесі шешіледі. Мысалға, қазірдің өзінде Қазақстан Азия мемлекеттері арасында су тапшылығы бойынша сегізінші орында ғой. Міне, бұл мәселені шешуге Қазақстан Тәжікстанмен тығыз қарым-қатынас орнатуға тәуелді және мұқтаж.

Қазақстан мен Тәжікстан президенттерінің жолығуы тек екі ел үшін ғана емес, Орта Азия үшін тиімді кездесу болды. Өйткені, бұл кездесуде су мәселесінен бөлек, экономиканы дамытуға бағытталған біршама шешім қабылданды. Нақтырақ, туризмді дамыту, табиғатты сақтау туралы сөз қозғалды.

Бауыржан СЕРІКБАЙ, САЯСАТТАНУШЫ:

Ауылшаруашылығы саласындағы келісімдер, екінші, кеден саласындағы мәліметтер алмасу келісімдері. Бұл – екі мемлекет арасындағы сауда айналымын жеделдету, бизнес өкілдері үшін өте жақсы бастамалар. Стратегиялық тұрғыда, экономикалық, әлеуметтік тұрғыда маңызды мәселелер көтерілді. Осы діттеген мақсаттарға жету үшін екі ел үкіметі бірлесе жұмыс істейді деп үміттенемін.

Қос елді бір-бірімен тарихы, мәдениеті мен руханияты тығыз байланыстырады. Мемлекеттер арасындағы дипломатиялық қатынас 1993 жылы басталған. Содан бері қазақ-тәжік байланысы ажыраған емес. Керісінше, жылдан-жылға артты. Қазір Қазақстан - Тәжікстанның ірі сауда серіктестерінің бірі.