$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Депутат төрт балалы аналарды 53 жаста зейнетке шығару керегін айтты

AstanaTV
05.05.2023ж. 21:45
1608
Депутат төрт балалы аналарды 53 жаста зейнетке шығару керегін айтты

Мәжілістің кезекті жалпы отырысында Қазақстан Халық партиясы фракциясының мүшесі Гауһар Танашева дәл осылай дабыл қақты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат порталы.

Ол өзінің депутаттық сауалын премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгіновке жолдап, төрт немесе одан да көп баласы бар аналарға қатысты маңызды мәселені көтерді.

"Төрт бала тәрибелеп отырған көпбалалы әйелдердің зейнеткерлік жасын 53 жасқа дейін төмендету керек. Қазіргі заңнамаға сәйкес бес немесе одан да көп бала туып, асырап алған және оларды 8 жасқа дейін тәрбиелеген көпбалалы аналар ғана 53 жасқа дейін зейнетке шығады. Сондай-ақ баланың 8 жасқа дейін тәрбиелеу міндеттемесін алып тастау мәселесін қарастыруларыңызды сұраймыз", – деді Гауһар Танашева.

Бұл – Гауһар Танашева көтерген мәселенің біріншісі ғана. Екіншіден, ол дәл осы мәжіліс бас қосуында көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақыны кіші бала кәмелет жасына толғанға дейін беруді қарастыру керектігін де баса айтты.

"Қазіргі таңда көпбалалы отбасының төрт баланың ішіндегі үлкен баласы 18 жасқа толған кезде, ол отбасы көпбалалы деген мәртебесінен айырылады. Төрт және одан да көп баласы бар ата-аналарға балаларының жасына қарамастан көпбалалыларға берілетін жәрдемақыны кіші баланың кәмелетке толғанға дейін беруді қарастыруды ұсынамыз", – дейді депутат.

Дәл осындай мәселені көтерген депутат көпбалалы отбасыларды қолдау арқылы ұлттық қауіпсіздіктің бірнеше негізгі тапсырмаларын шешуге ықпал ететінін айтып, оларды тәптіштеп тұрып түсіндіріп берді. Сондай-ақ депутат Гауһар Танашева төрт және одан да көп баланы дүниеге әкелген немесе асырап алған көпбалалы ананың өмір бойғы мәртебесін бекітуді ұсынды.