Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Қостанай тұрғындары жеке секторда көпқабатты үй салуға қарсы

05.05.2023ж. 20:00
685
Қостанай тұрғындары жеке секторда көпқабатты үй салуға қарсы

Даудың басы бас жобадан басталды. Қостанайда жаңа шағын аудандар құрылысына қатысты түйткіл басылмай тұр. Бұған дейін екі рет қоғамдық тыңдау өтсе де тұрғындар мен қала билігі мәмілеге келе алмады. Бас жобаға сәйкес биік нысандар жеке сектор аумағында бой көтеруі керек. Бірақ тұрғындар наразы. Көпшілік үй-жайын ,ұлтарақтай жерін бермейміз деп отыр.

Заңғар САНАЙ,ТІЛШІ:

Қаланың бас жоспарына сәйкес жаңа шағын аудан дәл осы аумақта бой көтеруі керек. Демек бұл маңайдағы тұрғын үй, бизнес нысандары түгел ысырылып, орынына көп қабатты үйлер салынады. Ал жергілікті тұрғындар оған түбегейлі қарсылық білдіріп отыр.

Тобыл өзенінің жағалауына жақын Набережный көшесінде хан сарайындай коттедж көп.Зәулім үйдің бірін Байболсын Сатаев мекендейді. Адал еңбек, маңдай терімен салған шаңырақта 15 жылдан бері тұрады. Бауыр басқан баспанасын сатып, басқа жақққа қоныс аудару ойында жоқ.

Байболсын САТАЕВ, ҚАЛА ТҰРҒЫНЫ:

Енді менің қасымда үлкен үйлер салайын деп жатыр. 18,19 этаж. 9 этаждан. Күннің көзін жабады, көп адам, көп машина. Стоянка болмайды дұрыстап. Енді ол маған ұнамайды. Мынау бүкіл біздің көшеде кварталдың бәрі де қарсы.

Тұрғындар заңгер Жасұлан Байбазаровтың көмегіне жүгінген көрінеді. Білікті маман жобалаушылардың жұмысы шаһардың бас жоспарымен мүлдем сәйкеспейтінін айтады.

Жасұлан БАЙБАЗАРОВ, ЗАҢГЕР:

2020 жылы қабылданған бас жоспар бойынша бірінші кезекте апатты жағдайдағы, ескі үйлер ысырылып, ғимараттар сол жерге салынуы керек. Ал олар қала орталығына бас салып, жаңа баспаналарды бұзбақ.

Ал құрылыс бөлімінің мамандары заңгердің сөзімен келіспейді.Айтуларынша жаңа ғимараттарды салу шаһарды дамыту жобасы аясында жүзеге асады. Әлгі жобада қандай нысанның қай жерде бой көтеретіні нақты көрсетілген. Әйтсе де тұрғындардың заңды құқына нұқсан келмейді дейді.

Динара ЫҚЫЛАСОВА, ОБЛЫСТЫҚ ҚҰРЫЛЫС, СӘУЛЕТ ЖӘНЕ ҚАЛА ҚҰРЫЛЫСЫ БАСҚАРМАСЫ БАСШЫСЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Құрылыс жоспарын жүзеге асыру барысында азаматтардың конституциялық құқы барынша сақталады. Яғни жеке бір адам үйін сатқысы келмесе,оны ешкім мәжбүрлемейді. Ал оның бағасы немесе басқа баспана беру шарты құрылыс компаниясымен арадағы келісім бойынша реттеледі.

«Арай» деп айдар тағылған алтын шаршыда 70-тен астам тұрғын үй бар. Тұрғындардың көбі құрылыс компанияларының ұсынысынан бас тартып отыр. Алайда әкімдік өкілдері үйін сатуға келісіп жатқандардың да бар екенін айтады. Кімнің келіскені, кімнің бас тартқаны келесі айда белгілі болады.