Спорт Қазақстан
$445.66 €474.58 ₽4.78
×

Тобыл өңірінде 3 жасар бүлдіршінді ит талады

15.05.2023ж. 20:00
1439
Тобыл өңірінде 3 жасар бүлдіршінді ит талады

Тобыл қаласында 3 жасар бүлдіршінді питбуль талап тастады. Полиция ит иесіне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Ал баланың жағдайы қалай? Тілшіміз Заңғар Санай айтады.

Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:

Оқыс оқиға Тобыл қаласында болған. Аулада ойнап жүрген бүлдіршін анасы үйге кіріп кеткенде азулы иттің қасына жетіп барған көрінеді. Ал көршінің кішкентайы темір тордың есігін ашып жіберген. Сол кезде питбуль 3 жастағы баланы талап тастайды.

Анастасия ЕРОХНО, АНАСЫ:

Далаға шықсам баламның үсті-басы қан. Бетін, ернін талап тастапты. Қолынан да қауып алыпты. Мені көріп вольердің бұрышына қарай қашты.

Дәрігерлер дереу операция жасап, кешенді емдеу шараларын тағайындаған. Бірнеше күн жансақтау бөлімінде жатқан бүлдіршіннің жағдайы қазір тәуір.

Игорь БЕЛОБРЖИЦКИЙ, ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫ ХИРУРГИЯ БӨЛІМШЕСІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:

Ит талаған адамның бойында жұқпалы індет тарау қаупі бар.Соның салдарынан жарақат іріңдеп, асқынып кетуі мүмкін. Құдайға шүкір, бәрі жақсы болды. Қазір бала хирургия бөліміне ауыстырылды. Ем қабылдап жатыр.

Ит тұрған темір тор талапқа сай жасалмаған. Есігін кішкентай баланың өзі аша салады. Қабаған иттің иесі жауапқа тартылғанын талап етем дейді,баланың анасы. Ал полиция қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

Бауыржан ӘБЕНОВ, ОБЛЫСТЫҚ ПД БАСТЫҒЫНЫҢ ОРЫНБАСАРЫ:

Полиция ҚР ҚК 114 бабы бойынша денсаулыққа абайсызда зиян келтіру бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Иттің иесі анықталды. Тиісті сараптамалар тағайындалды.

Заңғар САНАЙ, ТІЛШІ:

Итке таланған қаршадай қыз аптаның соңына қарай үйіне шығады дейді ақ халаттылар. Алайда анасы баласының бетіндегі тыртығы мен ерініндегі жырығын емдеу үшін талай емхана табалдырығын тоздырамыз деп қамығып отыр. Пластикалық операцияның құны да арзан емес.