Спорт Қазақстан
$444.32 €473.33 ₽4.76
×

Түркиядағы сайлау: кандидаттардың ешқайсысы 50 пайыздық межені бағындыра алмады

15.05.2023ж. 20:00
915
Түркиядағы сайлау: кандидаттардың ешқайсысы 50 пайыздық межені бағындыра алмады

Түркияда президент сайлауының екінші кезеңі өтеді. Ол 28 мамырға жоспарланған. Себебі, кандидаттардың ешқайсысы 50 пайыздық межені бағындыра алмады. Ал бұл сайлаудың Қазақстанға әсері қалай болады? Сүндет Оралбеков толығырақ айтады.

Анадолы еліндегі президент сайлауының нәтижесінде Ердоған көш бастады. 49,4 процент дауыс жинады. Оппозицияның жалғыз кандидаты Кемал Кылычдароғлуға халықтың 45 пайызы сенім білдірген. Синан Оган 5,22% иеленді. Елді 20 жыл басқарған Ердоған орнын сақтап қала ала ма? Бұл сұрақ халықты ғана емес кандидаттарды да толғандырып отыр.

Режеп ТАЙЫП ЕРДОҒАН, ПРЕЗИДЕНТТІККЕ ҮМІТКЕР, ТҮРКИЯНЫҢ ҚАЗІРГІ ПРЕЗИДЕНТІ:

Екінші кезеңде бұл көрсеткіш әлдеқайда артады деп сенемін. Егер халқымыздың шешімі сайлаудың аяқталғанын көрсетсе, онда ешқандай проблема болмайды. Біз алдағы 5 жыл ішінде ұлтымызға қызмет етуді жалғастыратынымызға сенімдіміз.

Дауыс берушілер 2000 жылдан бері рекордтық көрсеткіш орнатты. Халықтың 88 проценті таңдауын жасаған. Шамасы, түріктер өзгеріске дайын секілді. Оппозиционер Кемал Кылычдароглу билікке келген жағдайда «супер президенттік республикадан» парламенттік республикаға көшуге уәде береді. Айтпақшы, Ердоған да осындай бағдарламамен сайлауда жеңіске жеткен еді.

Кемал КЫЛЫЧДАРОГЛУ, ПРЕЗИДЕНТТІККЕ ҮМІТКЕР:

Барлық жала жабу мен қорлауларына қарамастан, Ердоған күткен нәтижеге қол жеткізе алмады. Бұл жағдайға ешкім таң қалмауы керек. Егер біздің ұлт екінші тур туралы шешім қабылдаса, біз оны қуана қабылдаймыз. Біз бұл сайлауда екінші турда жеңіске жететінімізге сенімдіміз. Мұны бәрі біледі.

Бұған дейінгі сайлауларда Ердоған бірінші турда-ақ жеңіске жеткен. Мұндай жайт бірінші рет болып тұр. Қара халық оны бағаның өсуіне, лираның құнсыздануына, салдарынан экономиканың құлдырауына кінәлауда. 2022 жылғы маусымда Түркияда жылдық инфляция 78 проценттен асқан. Ал азық-түлік 93 процентке қымбаттаған.

БЛИЦ-САУАЛНАМА:

- Біз Режеп Тайып Ердоғанмен бақытты болдық. Бірақ Кылычдароглу жеңіске жетеді.

- Мен бұл сайлауды өз болашағыма үміт ретінде көремін. Менде үміт бар. Құдай береді, нәтиже жақсы болады. Біздің қаламыз қайта салынып, осында қайтатын күнді асыға күтеміз.

- Бізге бұл үкімет, әсіресе президент ұнамайды. Жер сілкінісі болған кезде, олар мұнда адамдарды өлімге қиып тастап кетті, төрт күн бойы ешкім жағдай сұрап келген жоқ.

Сайлаудан кейін Түркия мен Қазақстан түркі мемлекеттерінің ұйымын күшейту бағытын жалғастырады деп есептейді саясаттанушы Досым Сатпаев.

Досым САТПАЕВ, САЯСАТТАНУШЫ:

Түркі мемлекеттерінің ынтымақтастығын күшейту процесі Ердоғанға дейін түркітілдес елдердің ынтымақтастық кеңесі форматында басталғаны таңқаларлық емес. Тек 2021 жылы осы кеңестің негізінде түркі мемлекеттерінің ұйымы пайда болып қана қоймай, Украинада соғыс басталғаннан кейін, ең алдымен Транскаспий халықаралық көлік бағыты шеңберінде баламалы көліктік-логистикалық маршруттарды дамытудың маңызды құралы ретінде одан да үлкен маңызға ие болды.

Түркияда президент сайлауымен қатар парламент сайлауы өтті. Санақ нәтижесінде биліктегі Әділет және даму партиясы – 49,47%, оппозициялық Республикалық халық партиясы – 34,09% дауыс жинаған.