Спорт Қазақстан
$447.4 €477.55 ₽4.76
×

Бокстан әлем чемпионатының жеңімпаздары елге оралды

15.05.2023ж. 20:00
1045
Бокстан әлем чемпионатының жеңімпаздары елге оралды

Ташкентте бокстан өткен әлем чемпионатының жүлдегерлері елге оралды. Оларды жанкүйерлер әуежайдан күтіп алды. Қазақтың дәстүрі бойынша шашу шашылды, патриоттық ән шырқалды. Чемпиондарды күтіп алу рәсіміне біздің арна тілшісі Бекболат Сатуовта барды.

Бекболат САТУОВ, ТІЛШІ:

Көршілес Өзбекстан елінде өткен бокстан әлем чемпионатында топ жарып, қазақ елін төрткүл дүниеге танытқан спортшыларымызды бүгін қалың қазақ елі үлкен құрметпен қарсы алды. Әрқайсысына үлкен ілтипат білдірді.

Алдымен Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов пен чемпиондардың алғашқы легі келді. Қатарында шаршы алаңда қарсылас шақ келтірмей, чемпион атанған Асланбек Шымбергенов пен Сабырхан Махмуд және күміспен күптелген Дулат Бекбауов бар. Әрқайсысы өз толғаныстарын жасырмады.

Асланбек ШЫМБЕРГЕНОВ, БОКСТАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНЫ:

14 күні финал күні менің қызымның туған күні болған 6 жасқа толған. Жеңісімді ең бірінші қызыма, одан кейін қазақ еліме арнаймын.

Дулат БЕКБАУОВ, БОКСТАН ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫНЫҢ КҮМІС ЖҮЛДЕГЕРІ:

Әкеме барып қолын алдым енді. Бұйырғаны осы күміс болды. Аллаға шүкір. Одан кейін анама соқтым. Анама хабарласып рақметін айтып. Осындай дәрежеге жеткізіп отырған. Қазақ еліне рақмет.

Бокстан Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов осы әлем бірінішілігіне кімнің баратынын таңдау жасау қиын болғанын жасырмады. Бастысы, жігіттер үмітті ақтады дейді.

Мырзағали АЙТЖАНОВ, БОКСТАН ҚР ҚҰРАМАСЫНЫҢ БАС БАПКЕРІ:

Бақ қайда барасың, ынтымаққа дейді. Осы ынтымақтың арқасында үлкен жетістіктер болды. Ал енді жігіттерге келетін болсақ. Осы әлем чемпионатына ілінудің өзі өте тартысты болды. Әрбір салмақта келгеннен бастап, жақсы мықты деген 2-3 бір салмақта жігіттерді таңдадық.

Айта кетейік, жерлестеріміз әлем чемпионатында осыдан 10 жыл бұрын төрт бірдей алтын алған еді. Тарих бетіндегі толағай табысымыз қайталанды деді,-министр. Ол спортшыларымызды үлкен қолдау күтіп тұрғанын айтты.

Асхат ОРАЛОВ, ҚР МӘДЕНИЕТ ЖӘНЕ СПОРТ МИНИСТРІ:

Министрлік тарапынан міндетті түрде әлем чемпиондарына әрқайсысына 15 мың доллардан береміз жәнеде әрбір тренирге де 15 мың доллар қарастырылған болатын. Ол министрлік тарапынан қолдау, үкімет тарапынан қолдау деп айтуға болады. Жәнеде федерация тарапынан 100 мың доллар берілетін болады және де АИБА тарапынан 200 мың доллар төленетін болады. Ол жақсы бір қолдау, ынталандыру процессі деп айтуға болады.

Еске салайық, Ташкентте өткен әлем чемпионатында Қазақстан боксшылары 4 алтын 1 күміс медаль алды. Командалық есепте Өзбекстан бірінші, Қазақстан екінші сатыдан көрінсе, үздік үштікті Ресей Федерациясының құрамасы түйіндеді. Осылайша, спортшыларымыз тағы бір рет әлемге қазақ боксының мықтылығын дәлелдеді.