Спорт Қазақстан
$443.85 €474.3 ₽4.8
×

"Алла маған бір адамдай бақ берді": 45 жыл мемлекеттік қызметте болған Бердібек Сапарбаев эксклюзив сұқбат берді

AstanaTV
16.05.2023ж. 15:03
900
"Алла маған бір адамдай бақ берді": 45 жыл мемлекеттік қызметте болған Бердібек Сапарбаев эксклюзив сұқбат берді

Кезінде еңбек министрі, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан секілді бес бірдей облыстың әкімі болып, елдің ықыласына бөленген Бердібек Сапарбаев мемлекеттік қызметтен кетсе де, аттан түскен жоқ. Ұзақ жылғы қызметінде "іскер әкім", "саяси менеджер" атанған тұлға KAZ.NUR.KZ тілшісіне эксклюзив сұқбат берді.

– Сіз магистранттар мен докторанттарға дәріс беріп жүр екенсіз. Әңгімемізді қазіргі жұмысыңыздан бастасақ... Лекцияға қатысушыларды қандай сұрақтар қызықтырады?

– Жастармен тығыз байланыста болып, оқу орнында сабақ беруді бұрыннан армандадым. Мемлекеттік қызметте жүргенде сол өңірдегі университеттерде дәріс оқыдым. Ол маған өте ұнайды. Жастармен араласу, пікірлесу, кездесу мен үшін ғанибет. Жастардың ойы қызықтырады. Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында жастарға лекция оқимын. Олардың дені - жұмысын аудан, облыстық деңгейде бастаған мемлекеттік қызметкерлер. Аптасына 1-2 рет кездесемін. Жастар көбіне "қиындықтардан қалай шықтыңыз" деген сұрақ қояды. Ел егемендігін алған кездегі әлеуметтік сұрақтарды шешу, жарық, жылу мәселесі, Аралдағы пойызды тоқтатқан оқиға бар. Соларды "қалай шештіңіз" деген сұрақтар оларға әлі де қызық. Қызылорда облысын сақтап қалу, бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысында болған жұмыстар, зейнетақы, жәрдемақы, жалақыға байланысты миллиардтаған қарыздың болуы. Солардан шығу жолын сұрайды. Жастарды толғандыратын сұрақтың бірі – тексерудің көбеюі, қазіргі болып жатқан саяси- экономикалық өзгерістерді қалай қабылдап жатқанымыз. Дүние жүзінде болып жатқан экономикалық, саяси дағдарыстардың Қазақстанға әсері секілді барлық сұрақ талқыланады.

– Сіз танымал саясаткерсіз. Қазақстанның мұнай-газ, тау-кен өндірісінде шетелдік инвесторлардың үлесі көп екені рас. Халық арасында ара-тұра болып тұратын наразылыққа қарағанда инвесторлардың ығына жығылып кеткен жоқпыз ба? Бізде ел мүддесін жоғары қоюдан гөрі инвесторларға көп еркіндік беріліп жатқан жоқ па?

– Инвестор мен мемлекеттік орган арасындағы келісімшарттың дұрыс орындалуына министрліктер тиісті бақылау жасауы қажет. Инвестор экономикалық, экологиялық, әлеуметтік мәселелерді шешуі керек. Оның барлығы жазылады, міндеттеме алады. Бірақ бақылау болмағаннан кейін кемшіліктер бар. Жер қойнауын пайдалану жөнінде зерттеу жұмыстарын жүргізу керек. Мамандарды оқытып, дайындау керек. 2008 жылы Жезқазған қаласында бірінші рет үлкен форум өтті. Үкімет кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігі туралы үлкен компаниялармен келісімшартқа отырды. Сол кезде мен еңбек министрі болдым. Өкінішке қарай, сол жоба кейінгі кезде нашарлап қалды. Тиісті министрліктер мен әкімшіліктердің тарапынан бақылау нашар. Бұл жерде әкімшілік те жұмыс істеуі керек. Себебі әлеуметтік мәселелер мен сандардың барлығы жергілікті жерде. Әкім оған мүдделі болуы керек.

– "Қазақ – жалқау" деген сөз жиі айтылады. Қазір бұл сөз бұқараның да ашуына тие бастаған секілді. Бұл тіркесті қалай жоққа шығара аламыз?

– Әрине басқа ұлттармен салыстыратын болсақ, әсіресе көршілермен: олар жерді қалай пайдаланады, қалай еңбек етеді, еңбектеген баласынан еңкейген ақсақалға дейін шаруаға бейім. Өзін-өзі асырау, масыл болмау деген сұрақтар бізде әлі де бар. "Еңбек етсең ерінбей тояды қарның тіленбей" деп Абай атамыз бекер айтпаған. Еңбек ету керек. Қазір барлық жағдай жасалған. Заман талабына сай мамандықтарды игеруге тиіспіз. Бизнес бастауды үйретуді тегін оқытады, стипендиясы бар. Кейін жеңілдетілген несие береді. Соның бәрін пайдалануымыз керек. Біз мүмкіндігі шектеулі азаматтардан көп үлгі алуымыз керек. Ақтөбеде Құралай Байменова қарындасымыз арбаға таңылса да, қаншама адамды жанына топтастырып, тағдырластарына көмектесіп жүр. Арбадағы Шахан Жолдасбаевтың пандус жасап жүрген жұмысы - үлгі ғой. Жамбыл облысында екі қолы жоқ Анар деген кісі бар. Аяғымен іс тігіп, көрпе дайындайды. Оларды көбірек насихаттап халыққа айтуға тиіспіз. 12 мүшесі сау адам жұмыс істеуі керек. Мемлекет тарапынан жасалған көмекті пайдалануға тиіспіз. Сол кезде жалқау деген сөз болмайды.

– "Біз бөлінбейміз, бәріміз бір Қазақстанда тұрамыз" деп айтқанымызбен ел ішінде ондай ой қылаң беріп тұрады. Қарапайым байқаулардың өзінде жершілдікке салынып жатамыз. Саясатта да солай. Осындай жершілдік кесірінен нағыз қажетті кадрларды жоғалтып жатқан жоқпыз ба?

– Әрине, әркім өз тегін білуі тиіс, бірақ руға бөліну дұрыс емес. Руға бөліну халықты неге әкелетінін ұғынуымыз керек. Біз бір болуға тиіспіз. Әсіресе, осындай экономикалық-саяси дағдарыс кезінде бір болу маңызды. Кадр мәселесінде оны туған жеріне, туысқанына қарап алмау керек. Біліктілігі мен қабілеті бірінші орында тұруға тиіс. Министрлер мен әкімдер осы принциппен жұмыс істейтін болса, бөліну болмайды. Мен қай өңірде болмасын жергілікті адамдарды тартуға тырыстым. Олар жергілікті жерді біледі, халықты таниды, оның ерекшеліктері мен кемшіліктерін біледі деген қағиданы ұстандым.

– Қызметте жүргенде сенбі, жексенбі күні де жұмыста болдыңыз, зейнетке шыққан соң жоғары жылдамдықты күн тәртібін бірден тоқтату қиын болған жоқ па?

– Қазір 45 жыл мемлекеттік қызметте болған кездегі режим, талап пен жауапкершіліктің өзгергендігі рас. Ол кезде таңертеңнен кешке дейін демалыссыз жұмыс істеуге, жауапкершілік алуға, шешілмей жатқан шаруалардың шешімін іздеп үйренген адаммын. Әліде қоғамдық жұмыстарды жалғастырамын деп ойлаймын. Бәріне ризамын. Алла маған бір адамдай бақ берді, сол бақтың арқасында 45 жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істедім. Осы кезге дейін халықтың қолдап, әлеуметтік желіде жазып, көшеде кездескенде "сіз бізде қызмет еткенсіз" деп айтып жатады.

– Балаңыз Астана қаласының тазалығына жауапты. Сізден кеңес ала ма?

– Менің балам да адам. Оның өз отбасы бар. Мемлекет дамуына үлес қоссам деп жүр. Қазір Астана қаласының әкімдігінде жұмыс істейді. Әрине балам болғаннан кейін оған ақылымды айтып, кеңес беремін. Ең бірінші адал жұмыс істеу керегін, ел мүддесін жоғары қоюды, халық алдында кіші болуды айтып отырамын. Ізімді жалғастырушы жалғыз ұлымнан адами қасиеттен айрылмауды сұраймын.

(Жалғасы бар)