$498.34 €519.72 ₽4.85
×

Аймақтарда дизель отыны қымбаттап жатыр

AstanaTV
30.09.2016ж. 20:00
2813
Аймақтарда дизель отыны қымбаттап жатыр

Өскеменде дизель отыны тапшы. Бірақ бұл жайт қоғамдық көліктің қозғалысына әсер етпейді. Мұндай мәлімдемені Өскемен қаласының әкімдігі жасады. Қазір жанармай құю бекеттерінде солярка тек талонмен беріліп жатыр. Майдың 1 литрінің бағасы  115-тен 145 теңгеге дейін қымбаттап кетті. Тапшылық салдарынан жанар-жағармай бірінші кезекте қоғамдық автобустарға құйылады, - деп мәлімдеді қала әкімінің орынбасары. Қоғамдық көліктерге күніне 25 мың литр дизель отыны қажет.

Арман Ысқақов, Өскемен қаласы әкімінің орынбасары:

Бізде жанар-жағармайдың дүйсенбіге дейін жететін қоры бар. Әрине, ол еркін саудада барлық жерде жоқ, тек талонмен босатылып жатыр. Бірақ автобустар үшін қиындық туындамайды. Бірінші кезекте қоғамдық көліктерді қамтамасыз етеміз. Жанармай құю бекеттерімен келісім бар. Сондықтан бір де бір автобус тоқтамайды. 

Қызылжарда да дизельдік отынның бағасы аспандап кетті. Өткен аптада сұйық отын 115 теңгеден сатылып келген. Ал қазір кей жанармай құю станцияларында бірден 19 теңгеге қымбаттады. Құзырлы органдар облысқа қыркүйек айында жанармай аз келді. Баға ондықтан көтерілді деп түсіндірді. Солтүстік Қазақстанды соляркамен қамтыған Павлодар зауыты жөндеу жұмыстарына байланысты теріскейдің тапсырысын толық орындай алмаған. Сондықтан Шымкенттегі мұнай өңдеу зауытынан және ресейліктерден алуға мәжбүр болды,- дейді әкімдік өкілдері. Олар баға жақын арада тұрақталады, деп сендірді.

Евгений Глотов, СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы:

Қазір қалада дизельдік отынды 121-135 теңгенің аралығында алуға болады. "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясы қазақстандық өнімді сатып жатқандықтан, олардың бағасы ең арзан - 121 теңге. Энергетика министрлігі қазан айына бізге 7000 мың тонна бөліп отыр. Бұл өңір сұранысын толықтай қамтуға жеткілікті. Операторлар отандық өнімге ие болғасын, баға "Қазмұнайгаздікімен" тұрақталады, деп ойлаймын. 

Айгүл ӘДЕПБАЙ