Спорт Қазақстан
$441.58 €480 ₽4.86
×

Жүзге жуық саяхатшыны алдап кеткен «Фараон» турфирмасының директоры 4 жарым жылға сотталды

AstanaTV
30.09.2016ж. 20:00
2122
Жүзге жуық саяхатшыны алдап кеткен «Фараон» турфирмасының директоры 4 жарым жылға сотталды

Қарағандыда 100-ге жуық саяхатшыны алдап кеткен «Фараон» турфирмасының директоры Жанна Әбеуп 4 жарым жылға сотталды. Бүгін қаладағы Қазыбек би аудандық соты осындай үкім шығарды. Бір топ қарағандылық тұрғынға жалған жолдама сатып, пайдаға кенелмек болған атышулы әйелдің сотына барлық жапа шегушілер қатысты.

Жанна Әбеуп «алаяқтық» бабымен сотталды. Ол жазасын жалпы тәртіптегі абақтыда өтейді. Сонымен бірге сот айыпталушының мүлкін тәркілеп, жапа шегушілерге материалдық шығынды өтеу туралы шешім шығарды. Айыпталушы өткен жылдың қазан айынан бері уақытша қамауда отырды. Абақтыда үшінші баласын босанған. Жапа шегушілер ақшаларын берсе, арыздарын қайтарып алмақ та болған. Бірақ қаражат өтелген жоқ. Оның барлық саяхатшыға берешегі 58 млн теңгеге жуықтайды.

Еске салсақ, өткен жылы шілденің басында «Фараоннан» жолдама алған 100-ге жуық тұрғын Түркия, Грекия мен Қырғызстан курорттарына ұша алмай қалған еді. Жолдамалар мен билеттер жалған болып шыққан. 

Айжан ҚУАШ