Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Мемлекет басшысы Қытайдың алпауыт компанияларын Қазақстанмен бірлесе жұмыс істеуге шақырды

18.05.2023ж. 20:00
1197
Мемлекет басшысы Қытайдың алпауыт компанияларын Қазақстанмен бірлесе жұмыс істеуге шақырды

Қазақстан мен Қытай арасында тағы бір теміржол желісі салынады. Тараптар тиісті құжатқа қол қойды. Бүгін Сиань қаласында Мемлекет басшысының қатысуымен қазақ-қытай инвестициялық дөңгелек үстелі өтті. Жиында энергетика, мұнай газ салаларына қатысты бірлескен жобаларды жүзеге асыру бағыттары қаралды. Қос мемлекет тағы қандай мәселелер бойынша уағдаласты? Бекболат Сатуов тарқатады.

Бүгінгі инвестициялық жиынға Қытайдың ең ірі компания басшылары қатысты. Олардың өнімі әлем танымал. Мемлекет басшысы бизнесмендерді бірлесіп жұмыс істеуге шақырды. Президент мұнай-газ саласы бойынша елдер арасында талай жылдан бері табысты әріптестік бар екенін айтты. Сондықтанда алдымен осы бағытта бірлескен жобаларды жүзеге асыру маңызды деді. Ол үшін мұнай құбырларын көбейту жоспарланып жатқанын жеткізді.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз мұнай экспортын көбейту үшін «Қазақстан – Қытай» мұнай құбырын кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Қолданыстағы құбырлардың мұнай тасымалдау мүмкіндігін арттыру да өзекті мәселе. Қазақстан үшін газ өңдеу қуатын арттыру және газ тасымалдау жүйесін кеңейту басым бағыттың бірі саналады. Осы ретте «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральді мұнай құбырының екінші желісін салу өте маңызды. Сондай-ақ Қашаған кен орнында жылына 4 миллиард текшеметр газ өңдейтін зауыт салуға мүдделіміз.

Мемлекет басшысы қытай кәсіпкерлерін энергетика саласын жаңғыртуға да ат салысуға шақырды. Сондай-ақ, өнеркәсіп саласындағы ынтымақтастықты да жандандыру қажет екенін атап өтті. Ол үшін Қытай компанияларының мыс қорыту зауытын салу жөніндегі бастамаларын толық қолдайтынын айтты. Бұл кәсіпорын іске қосылғанда шикізат экспорты азаяды. Елімізде өндірілетін мыс концентратын түгелдей өзіміз өңдейміз деді. Сонымен қатар Президент елімізде сирек кездесетін металдардың кенін өндіруде бірлескен жоба әзірлеуді ұсынды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Қытайда электромобиль жасау ісі қарқынды дамуда. Сол себепті литий өндіру саласындағы серіктестікті нығайтудың болашағы зор. Соңғы жылдары елімізде қытай көліктеріне деген қызығушылық арта түсті. Chery, Jac, Exeed және Haval брендтері – ең көп сатылатын автокөліктер қатарында. Қазақстанда қытай автокөліктерін құрастыру қолға алынуда. Бүгін екі елдің компаниялары тиісті келісімдерге қол қояды.

Қасым-Жомарт Тоқаев электронды сауда саласында өзара алыс-берісті арттыру үшін де қосымша мүмкіндіктер бар екеніне назар аударды. Осы бағытта Қазақстан жана қоймаларды ашуға белсене кіріскенін жеткізді. Қытайлық кәсіпкерлерге тауарларды бізде сақтауды ұсынды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Жаңа кеден қоймаларын ашуға белсене кірістік. Осы орайда серіктестерімізге тауарын біздің қоймаларымызда сақтауды ұсынамыз. Мұның логистика тұрғысынан алғанда өте қолайлы екенін айта кеткен жөн. Сонда Орталық Азия мен Қытайдың арасында екі бағытта да тауар тасымалдау мерзімін азайтуға мүмкіндік туады.

Жиын барысында Қасым-Жомарт Тоқаев құрлықтағы көлік дәліздерін дамыту мәселесін де қозғады. Қытай Батыс Еуразияның ауқымды нарықтарына Қазақстан аумағы арқылы шыға алатынына инвесторлардың назарын аударды. Ол үшін Транскаспий бағдарын дамыту басты назарда екенін айтты.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз Сиань қаласындағы құрғақ портта Қазақстанның логистика орталығын салуға баса мән беріп отырмыз. Орталық Азияға, Еуропаға, Түркия мен Иранға контейнер пойыздарын тікелей жөнелту ісінде осы орталық негізгі хаб болады. Біз Қытайға қарай «Аягөз – Бақты» темір жолын іске қосуды жоспарлап отырмыз.

Сондай-ақ, жиында агроөнеркәсіп бойынша да мүмкіндіктер аясы сөз болып, Қытай компанияларын қант өндірісінде ат салысуға шақырды. Президент елімізде инвесторларға барынша қолайлы жағдай жасалғанын атап өтіп, бүгінгі кездесу екі елдің сауда-экономикалық серіктестігін нығайта түсетініне сенім білдірді. Мемлекет басшысы дөңгелек үстел аясында жалпы 22 миллиард доллар болатын бірлескен 47 құжатқа қол қойды. Бұдан соң, Мемлекет басшысы Сиань қаласындағы құрғақ портта Қазақстанның логистика орталығының іргетасын қалау рәсіміне қатысты.