Спорт Қазақстан
$446.49 €475.38 ₽4.79
×

«Қазақ-қытай байланысы жаңа деңгейге көтерілді», - сарапшы

18.05.2023ж. 20:00
1425
«Қазақ-қытай байланысы жаңа деңгейге көтерілді», - сарапшы

Қазақ-қытай байланысы жаңа деңгейге көтерілді. Екі ел ынтымақтастығы дамып, сауда көлемі рекордтық көрсеткішке жеткен. Аспан асты елі Қазақстан экономикасына қаржы құйған бес ірі инвестордың қатарына кірді. Бұл – көрші мемлекетпен әрі қарай тиімді байланыс орнатудың маңыздылығын көрсетеді – дейді сарапшылар.

Қытай – Қазақстанның ірі сауда серіктестерінің бірі екені белгілі. Осы тұста біз үшін Қытайға тауар экспорттау көлемін ұлғайту тиімді. Бұл мақсатқа қол жеткізу қиын емес – дейді сарапшылар. Өйткені, қос мемлекет арасындағы агроөнеркәсіп саласын нығайтуға мүмкіндік көп. Оған дәлел, Қазақстан бидай мен ұн өндіретін ең ірі он елдің қатарына кіреді. Жыл сайын аспан асты еліне 5 миллион тонна астық пен 1,5 миллион тонна ұн экспорттайды.

Олжас БЕЙСЕНБАЕВ, ҚЫТАЙТАНУШЫ:

Ауылшаруашылық өнімдерімізге деген Қытайдың сұранысы өте үлкен. Біз бүкіл Қытайды етпенен, астықпенен қамтамасыз ете алмаймыз. Бірақ, біздің өз потенциалымызды аша түсуге мүмкіндік береді. Біздің дәнді-дақылдарға, май, астық өнімдеріне, салқындатылған сиыр еті, шошқа, құс етіне деген сұраныс үлкен. Біз өзіміздің табиғи өнімдерімізді Қытайға береміз. Қытай өзінің жаңа технологиясын, басқа да өнімдерін бізге ұсына алады.

Қазақстан Еуропа мен Азияны байланыстырып тұр. Тіпті, Ресей мен Қытай арасындағы тауардың көбі біздің ел арқылы өтеді. Демек, қос мемлекет үшін Транскаспий бағыты өте маңызды деуге болады. Егер аспан асты елі осы дәлізге инвистиция салса, бұл - Қазақстан үшін тиімді келісім болмақ.

Риззат ЕЛУБАЕВ, САЯСАТТАНУШЫ:

Қазақстан - транзиттік мемлекет және "транзиттан ақшаны ұлғайтуымыз керек" деген мақсат қойып отыр ғой. Оның осы мақсатқа жетудегі ең бір үлкен шешуші талаптардың бірі - Қытаймен ынтымақтастықты ұлғайту болып табылады. Ол үшін осы сапар аясында 23 құжатқа қол қойылған болатын. Оның ішінде бастылары Транскаспий халықаралық дәлізін жандандыру бойынша меморандумға қол қойлыған болатын.

Бұған дейін Сыртқы істер министрлігі екі ел азаматтары көрші елде 30 тәулікке дейін визасыз тұра алады деген еді. Бірақ, бұл – аспан асты елінде құжатсыз жұмыс істеуге болады деген сөз емес. Туризм, емделу, транзит және іскерлік кездесу мақсатында ғана бір ай жүреді. Хош, шарты түсінікті. Сарапшылардың пікіріне оралайық. Олар бұл келісім көршілес елден Қазақстанға тартылатын инвестиция көлемін арттыруға көмектеседі – дейді.

Мұрат ҚАСТАЕВ, ЭКОНОМИСТ:

Қазақстан экономикасының өсуі төмендеуде, инфляция қарқын алуда. Сондықтан қазір біздің басты мақсатымыз - экономиканы дамыту. Ал Қытайдан келген адамдармен, әсіресе кәсіпкерлермен визасыз режим – ол Қазақстан мен Қытай арасындағы экономикалық байланысты күшейтуге мүмкіндік береді.

Қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау – аса маңызды. Қос мемлекет геосаяси жағдайға да аса мән бермек.