Спорт Қазақстан
$448.89 €477.93 ₽4.76
×

Алаяқ Талдықорған студенттерін 24 млн теңгеге алдаған

AstanaTV
22.05.2023ж. 12:40
908
Алаяқ Талдықорған студенттерін 24 млн теңгеге алдаған

Жетісу облысының тұрғындарын 24 млн теңгеге сан соқтырған алаяққа қатысты сот басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Талдықорған қаласында алаяқтықтың бірнеше фактісі бойынша 41 жастағы әйелге қатысты сот процесі басталды.

Қылмыстық іс материалдарында жәбірленуші ретінде 16 адам көрсетілген, олардың негізгі бөлігі 20-23 жас аралығындағы жергілікті жоғары оқу орындарының студенттері.

«Талдықорған қалалық полициясының қызметкерлері алаяқтық жасады деген күдікке ілінген әйелді өткен жылдың соңында ұстаған. Оған қатысты «ешқайда кетпеу» және «өзін дұрыс ұстау туралы қолхат алу» бұлтартпау шарасы таңдалды.
Тергеу материалдарына сәйкес, дәлелденген дерек бойынша жәбірленушілерге келтірілген залал 24 млн теңгеден асты.
Ақшалай немесе тауарлық несиелер микрокредиттік ұйымдар мен екінші деңгейлі банктер арқылы ресімделген», - делінген полиция мәліметінде.

Күдіктінің іс-әрекеттері ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігінің 4-тармағы бойынша (Алаяқтық) сараланып отыр.

Сот үкімі шыққан жоқ. Дегенмен, күдіктінің құрбандары қысқа мерзімде дәлелдер жинап, істі Фемида өкілдерінің қарауына жіберген қалалық полиция тергеушісіне алғыс білдірді.

«Осы фактіге қатысты қоғамның наразылығын ескере отырып, қылмыстық істі тергеу облыстық полиция мен қадағалау органының ерекше бақылауында болды. Істі сотқа жібергеннен кейін жәбірленушілер қоғам наразылығына ілінген істі тергеп-тексеруде объективтілік танытқаны үшін тергеуші Надия Нұралиноваға алғысын білдірді», – деді Талдықорған қаласы ПБ бастығының орынбасары Шыңғыс Нұрахимов.