Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

Батыс Қазақстан облысындағы ақбөкендердің саны биыл екі миллионнан асады

22.05.2023ж. 20:00
1533
Батыс Қазақстан облысындағы ақбөкендердің саны биыл екі миллионнан асады

Батыс Қазақстан облысындағы ақбөкендердің саны биыл 2 миллионнан асуы мүмкін. Киіктердің көбеюі жергілікті шаруалар үшін қолайсыз болып отыр. Өйткені жылдағыдай мал жайылымы мен шабындық жерлерді отап, жарамсыз қылып бүлдіреді дейді олар.

Биыл да жергілікті шаруалардан маза қашты. Өйткені қызыл кітапқа енген жануарлардың көбейгені қып-қызыл шығын. Бағымдағы малға жетпейтін жайылым мен шабындықты ақбөкендер жылдағыдай жарамсыз қылады деген уайым басым. Сондықтан киіктерді резерват аумағынан шығармауды ұсынады.

Бауыржан САБАНОВ, ШАРУА:

Резерватты үкімет өздері қоршауы керек. Киікті дүние жүзімен күтейік, дүние жүзі болып қарайық. Қаражат бөлсін, инвестор болсын. Біздер мал азығымен көмектесейік киікке керек болса. Керек болса үкім сатып алсын заказ беріп. Етін де пайдалануға болады, мүйізін де пайдалануға болады.

Биыл киік төлдеген кезде әуеден санау жұмыстары жүргізілді. Қорытындысы маусым айында жарияланады. Бірақ қазірдің өзінде ақбөкендер биыл 2 миллионнан асады деген болжам бар.

Арман ІЗІМҒАЛИЕВ, БҚО ОРМАН ШАРУАШЫЛЫҒЫ ЖӘНЕ ЖАНУАРЛАР ДҮНИЕСІ АУМАҚТЫҚ ИНСПЕКЦИЯСЫНЫҢ БАС МАМАНЫ:

Киіктер жыл сайын төлдер алдында Жәнібек ауданы аймағында шоғырланады. Шамамен 70% биыл сол ауылдық аймақтарда төлдеді. Өздерінің төлдерін өргізді. Осы орайда инспекция мамандарымен, «Бөкей орда» резерватының инспекторларымен және «Охотзоопром» инспекторларының қатысуымен бұл ауылдық аймақтарда қорғау шаралары күшейтілді.

Еселеп көбейген киіктер шенеуніктердің де бас ауруына айналған. Олар бұл мәселені шешу үшін Ұлыбритания мен Германиядан келген шетелдік мамандардың көмегіне жүгінді. Сарапшылар киік санын реттеу керек деген ұсыныспен келіседі. Өйткені бұл жануарлар тым көбейіп кетсе, тығыз шоғырланғандықтан кез келген аурудан қырылып қалуы да мүмкін. Мысалы, өткен аптаның өзінде киік төлдеген аумақтан 150 ақбөкеннің өлексесі табылды.

Михель ШТЕФАН, ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САРАПШЫ:

Бұл мәселеге тек экономикалық тұрғыдан қарамау керек. Мысалы, Оңтүстік Африкада аңшылар киіктің еті бүлінбеу үшін басынан көздеп атады. Осыны ескеру керек. Ал далада атылған киіктердің қан-жоса суреті әлеуметтік желі арқылы тараса, сіздің елдің беделіне нұқсан келуі мүмкін. Сондықтан оларды атумен келіспеймін.

Ал жергілікті мамандар өңірдегі суландыру жүйесін қалпына келтіруді ұсынды. Сонда ғана киіктерді тарихи мекеніне кері оралар еді. Ал ақбөкеннің еті мен мүйізін сатып, бұл ақшаға Ресейден су сатып алуға болады. Бұл жиында да тараптар нақты шешімге келмей тарқасты.