Спорт Қазақстан
$440.92 €475.36 ₽4.82
×

Оралдықтар жолдың жөнделгеніне наразы

AstanaTV
03.10.2016ж. 20:00
2579
Оралдықтар жолдың жөнделгеніне наразы

Бір кем дүние. Әдетте тұрғындар жолдың жөндеу көрмегенін айтып шағымданушы еді. Ал Оралдың іргесіндегі Зашаған елді мекенінің халқы, керісінше, көшелердің жөнделгеніне наразы. Айтуларынша, жаяу жүргіншілер жолын жасап берген құрылысшылар көше бойына суағар орнатуды ұмытқан. Осының кесірінен, жаңбыр жауса, көше көлкіген суға айналады. Қысы-жазы резеңке етігін шешпейтін тұрғындар мұндай кесірлі жолдың барынан жоғы жақсы еді деп күйінеді.

Еркін Карин, тілші:

Атына заты сай Құрылысшылар көшесіне келген адамның ешқашан іші пыспайтыны анық. Алдымен жолдың қақ ортасына орналасқан мына электр бағандарының арасында жасырынбақ ойнайсыз. Одан кейін түрлі кедергілерден секіріп өтесіз. Мұндай кедергілер үлкендер үшін қиындық тудыратыны анық. Ал қараңғыда, абайламасаңыз, аяғыңызды сындырып алуыңыз да мүмкін.

Көшеге жаяу жүргіншілер жолын салып берген құрылысшылар тротуарды биіктеткенімен, су ағатын жер салуды ескермеген. Енді жаңбыр жауса, көше суға толып, айналадағы үйлерге ағады. Бұл аздай тротуардың жиегіне төселген топырақ балшық боп езіліп, тұрғындар қысы-жазы резеңке етігін шешпейтін болған.

Болат Жұмашев, Орал қаласының тұрғыны:

Бие сұраса, түйе береді деген. Мынау тротуардың бізге керегі де шамалы еді. Оның жан-жағын бітеп тастағасын, көшенің бәрін су алып кетті. Балаларымызды, немерелерімізді сабаққа апара алмаймыз. Өзіміз жұмысқа бара алмаймыз. Қысы-жазы аяғымызға етік киіп жүреміз. Әкім бір келді де, сыртынан бір қарап кетіп қалды. Басқа әкімдер келіп, суымызды жырғызып, жолымызды биіктетіп берсе, соның өзіне рахмет айтар едік.

Талшын Досқалиева, Орал қаласының тұрғыны:

Бәлен жылдан бері біздің балаларымыз суға батады, балшыққа батады. Қыс болса, мына жердің жолы тазаланбайды. Біздер иесіз аралда қалған адамдар, әлгі көшпелі сығандар сияқтымыз.

Ал әкімнің сөзінше, үйлердің арасы тығыз орналасқан. Сондықтан суды ағызатын басқа жер жоқ.

Құрманғали Байғаржанов, Зачаган кентінің әкімі:

Су жіберетін жолдың құрылысы биылғы жоспарда жоқ. Сондықтан біздер жол арқылы вакуум машиналары арқылы сол жолдың суын сорып жатырмыз.

Аветик Амирханян, мердігер мекеменің басшысы:

Жолды жөндеген кезде тұрғындар қуанышын жасыра алмаған, енді бізге тағы өкпелеп отыр. Енді көшедегі суды сорып алып, жолды биіктету керек. Бұған көп қаржы қажет. Егер көлік жүретін жол салсақ, қайтадан салсақ, онда көшеде су болмайды.

Биыл Зачаган ауылында 15 миллион теңгеге бес көше жөнделіпті. Жергілікті әкімдік даулы көшенің жолын келер жылы реттеуді жоспарлап отыр.

Еркін КАРИН