Спорт Қазақстан
$441.66 €475.14 ₽4.86
×

Павлодарда асфальт опырылып, екі адам кәрізге құлап мертікті

AstanaTV
03.10.2016ж. 20:00
2736
Павлодарда асфальт опырылып, екі адам кәрізге құлап мертікті

Павлодардың орталық көшелерінің бірінде асфальт опырылып, екі адам зардап шекті.  58 жастағы әйел мен оның немересі жол жабындысының қақ жарылуынан кәріз шұқырына құлап, мертіккен. Денсаулық сақтау басқармасының ақпарынша, зейнеткердің жағдайы тәуір. Сол мезетте оның қан қысымы көтеріліп кеткен. Бірақ ауруханаға жатып емделуден бас тартыпты. Ал  4 жасар бүлдіршін дәрігерлердің жіті бақылауында болмақ.

Бақытбек Текеманов, Павлодар облыстық балалар ауруханасының травматолог- дәрігері:

Бала дәрігердің бақылауында. Бас-ми жарақаты белгілерімен травматология бөлімшесіне жатқызылды. Осында бір аптадай емделеді. Жағдайы орташа деп бағаланып отыр. Өміріне еш қауіп жоқ.

Мына бейнетүсірілімнен байқағанымыздай, оқыс оқиғадан кейін асфальт жабындысы тағы да опырылып, шұңқыр кеңейе түскен. Болжам бойынша, оның диаметрі 3 метр, ал тереңдігі 6 метрге жуық.

Қазір оқиға орны қоршауға алынды. «Павлодар су арнасы» кәсіпорны қалыпқа келтіру жұмыстарын бастап кетті. Қала әкімінің орынбасары Андрей Балашовтың сөзінше, апаттың себеп-салдары анықталып жатыр. Белгілісі - бұл 1970 жылдары салынған ескі кәріз және оған жөндеу жұмыстары жүргізілмеген.

Әсемгүл МҰХИТҚЫЗЫ