Оңтүстіктегі
кеден бекеттерінің жұмысы қай деңгейде? Ондағы қызмет сапасы халықтың көңілінен
шыға ма? «Нұр Отан» партиясы осы мәселелерді терең зерттеуге кірісті. Партия жанындағы Сыбайлас
жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің жұмыс тобы
аймақтағы кеден бекеттерінің жұмысына сараптама жасады.
Айта кетейік,
Өзбекстанмен шекаралас Сарыағаш ауданындағы «Қапланбек» кеден бекеті арқылы
тәулігіне 6 мыңдай жолаушы өтеді. Орта есеппен 60-қа тарта жүк көлігі мен 40-қа
жуық жеңіл көлік рәсімделеді. Осы ретте кәсіпкерлер кеден бекеттерде құжат
рәсімдеудің дұрыс жолға қойылғандығын айтты. Сонымен бірге, кейбір құжаттарды
рәсімдеу мақсатында облыс орталығына баруға тура келетіндігін айтты. Соның
салдарынан уақыттан ұтылып жатқанын жеткізді. Ал, жергілікті мемлекеттік
кірістер департаментінің өкілдері ондай қызметтердің Сарыағаш аудандық
мемлекеттік кірістер басқармасына беріліп, кәсіпкерлердің жұмысын
жеңілтетіндігін мәлімдеді.
Еркін Байсапаров, ОҚО «Қапланбек» кеден бекетінің
басшысы:
Жолаушылар
терминалдары орнатылады. Бұл жұмысты 1,5
есеге дейін жеңілдетеді. Мұнан бөлек жанасусыз тексеру жүйелері салынады. Осының арқасында экспортқа
жөнелтілетін жүктерді қарау жеңілдеп, карантинді алаңдар қатары көбейетін
болады.
Меруерт
Қазбекова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Бұл
автоматтандырылған жүйе болуы керек, яғни барлығы электронды түрде. Бір сөзбен
айтқанда, тәуекелді басқару жүйесі енгізілмек. Мәселен, «қара тізімге» ілікпеген
кәсіпкерлер кедендік декларацияны электронды түрде толтырып, кедергісіз өте
алады. Біз соған келе жатырмыз. Бұл пилотты жоба қазір Астана мен Қарағандыда
қолданылуда. Бәлкім алдағы жылдары жүйе барлық өңірде қолданысқа енуі
мүмкін.
Жұмыс
тобы сондай-ақ Шымкентте «Атамекен»
кәсіпкерлер палатасы алаңында жергілікті кәсіпкерлермен де кездесті. Онда
мемлекеттік кірістер органдарының мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері
талқыланды. Іскер азаматтар жалған кәсіпкерлік, жосықсыз бәсекелестік, салық
пен кеден жүйесіндегі қағазбастылықтар кедергі болатынын айтады. Мәжілісмен Меруерт Қазбекова барлық шағымдар
мен ұсыныстарды өз бақылауына алатынын жеткізді.