Ұлттық банк қазақстандық банктерге сауалнама жүргізіп, халықтың басым бөлігі кепілсіз қарыз бен автонесие алу үшін банкке жүгінетінін анықтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Банктерге бірінші тоқсанда 127,5 мың өтінім түсті.
Қазақстанда бірінші тоқсанда ипотекалық және кепілдік несиелерге сұраныс төмендеген. Ал кепілсіз қарыздарға деген сұраныс 8%-ға, автонесиеге 7%-ға өсті.
Елімізде бірінші тоқсанда ипотекалық несиеге сұраныс 13%-ға төмендегені байқалған. Бұл 194 мың өтінім азайғанын білдіреді. Алматы мен Астанада сұраныс бірден 20% - ға төмендеген.
Ұлттық банк негізінен ірі банктердегі көрсеткіш төмендегенін хабарлады. Ал нарық қатысушылары мұны «7-20-25» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде ай сайынғы лимиттердің тез игерілуімен, маусымға орай сұраныстың азаюымен және несие бойынша мөлшерлеменің төмендеуімен түсіндіреді.
«Ипотекалық қарыздар құнының өсуі кейбір банктердегі бағдарламалар бойынша ипотекалық несиелеудің азаюына әсер етті», – деп атап өтті Ұлттық банктің Қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаментінің директоры Олжас Күбенбаев.
Ипотекаға өтінім берудің орташа сомасы тоқсан ішінде 4%-ға немесе 700 мың теңгеге өсіп, 17,2 млн теңге болған. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, орташа чек 1,6 млн теңгеге өскен.
Бірінші тоқсанда банктер барлығы 127,5 мың өтінімді қарады, мақұлдау деңгейі (қаралмаған өтінімдерді есепке алмағанда) 33,5% - дан 38% - ға дейін өсті. Яғни, несиелік өтінімдердің үштен бірінен сәл астамы мақұлданып, қалған 60%-ынан бас тартылды.
Кепілсіз қарыз алуға берілген өтінімнің 30 пайызы ғана мақұлданды
Кепілсіз несиеге сұраныс белсенді түрде өсіп жатыр. Мысалы, бірінші тоқсанда бұл көрсеткіш 2022 жылдың төртінші тоқсанымен салыстырғанда 8%-ға артқан. Бірінші тоқсанда қазақстандықтар кепілсіз қарыз алуға 15,9 млн өтінім берген. Ал банктер оның тек 30 пайызын мақұлдады.
Келіп түскен өтінімдер бойынша, несиенің орташа сомасы 56%-ға өсіп, 921 мың теңгеге жеткен.
Жеке ірі банктегі сұраныстың төмендеуіне байланысты тұтынушылық несиелерге сұраныс едәуір азайды. Қарыз алуға байланысты келіп түскен өтінімдер саны 37%-ға, яғни 11 мың өтінімге дейін қысқарған. Ал несиелік ұйымдар клиенттерге қойылатын талапты күшейте бастады. Сөйтіп, өтініштердің 30% ғана мақұлданған.
Автонесие шарттары жеңілдеді
Банктер 1 тоқсанда автонесиеге сұраныс артқанын анықтады. Келіп түскен өтінімдер саны 7%-ға, яғни 532 мың өтінімге дейін көбейген. Сауалнамаға қатысқан банктер мұны автомобильдерді алу мерзімінің қысқаруымен, нарықтағы тапшылықтың төмендеуімен және жеңілдетілген автонесиелеу бағдарламасымен байланыстырып отыр.
Ұлттық банк автонесие шарттарының жеңілдегенін атап өтті. Алайда жекелеген ірі банк кредиттік лимитті қысқартып, клиенттердің төлем қабілетіне қойылатын талапты күшейткен. Осыған байланысты өтініштердің шамамен 13 пайызы мақұлданған. Сонымен қатар келіп түскен өтінімдер бойынша, несиенің орташа чегі 606 мың теңгеден 5,2 млн теңгеге дейін өсті.
Банктер сыйақы мөлшерлемесін қайта қарауы мүмкін
Сауалнамаға қатысқан банкирлер тұтынушылық несиелеу көрсеткіші бірінші тоқсандағыдай болатынын айтады. Банктер өз өнімдерін ұсынуына байланысты ипотека мен автонесиеге сұраныс артады.
Жалпы, бөлшек несиелеуде банктер несиелеу шарттарына айтарлықтай өзгеріс енгізуді жоспарлап отырған жоқ. Сонымен қатар банктер ҚР ҰБ базалық мөлшерлемесі бойынша сыйақы мөлшерлемесін қайта қарауы мүмкін.