Шетелдік қатысуы бар барлық салық төлеушіні тексеру мүмкін емес. Бұл жайында Сенат депутаттарының сауалына Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың жауабында айтылған.
«Қазіргі уақытта Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті осы жылдың екінші жартыжылдығына мерзімді тексерулер бойынша тексеру кестесін түзуіс-шарасын жүргізіп жатыр. Сонымен бірге, шетелдік қатысуы бар барлық салық төлеушіге қатысты тексеру жүргізу мүмкін емес. Осылайша, жүргізіліп жатқан саясат бизнес субъектілерін тексеруді барынша азайту болып табылады. Бұл ретте жұмыстағы екпін сенімсіз салық төлеушілерді анықтауға мүмкіндік беретін тәуекелдерді басқару жүйесі және камералдық бақылау арқылы қамтамасыз етіледі», – деді Ерұлан Жамаубаев жауабында.
Оның атап өтуінше, Салық кодексінің 145-бабына сәйкес, тексеру тәуекелдерді бағалау негізінде мерзімді салықтық тексеру және жоспардан тыс салықтық тексеру деп бөлінеді.
«Сонымен қатар мемлекеттік кірістер органы салықтық бақылаудың басқа да формаларын жүзеге асырады. Мәселен, камералдық бақылау салық декларация мәліметтері және басқа да ақпарат көздері негізінде жүзеге асырылады. Мемлекеттік кірістер органының ақпараттық жүйесі бизнес субъектілерінің заң бұзушылығын ерте сатыда анықтауға мүмкіндік береді. Айталық, 2021-2023 жылдары тіркелуін (қайта тіркелін) сот заңсыз деп таныған компаниялардың контрагенттеріне қатысты камералдық бақылау жүргізудің нәтижесінде 34,7 млрд теңге қосымша салық түсімі қамтамасыз етілді», – деді министр.