$494.87 €520.65 ₽4.91
×

Абай облысындағы өрт: 277 адам эвакуацияланып, өңірлер көмекке аттануда

AstanaTV
24.05.2023ж. 10:37
906
Абай облысындағы өрт: 277 адам эвакуацияланып, өңірлер көмекке аттануда

Абай облысында орман өртіне байланысты 277 адам эвакуацияланды. Жалынмен күреске өзге өңірлерден мамандар мен техникалар жіберіле бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.

«Өрттің жалпы аумағы 1500 Га. Орман алқабында құрғақ шөп жанып жатыр.
Елді мекендерге төнген қауіпке байланысты Березовка шипажайы мен Березовка подхозынан 277 адам өз бетінше туыстарына эвакуацияланды. Березовка шипажайы мен Березовка подхозында 15 адамнан тұратын қызметкерлер кезекшілік ұйымдастырды», - делінген министрлік мәліметінде.

Орман өртін сөндіруге барлығы 100 техника (оның ішінде 1 өрт пойызы) және 2 тікұшақ, сондай-ақ 402 адам жұмылдырылды. Қосымша Астана қаласы, Павлодар және Қарағанды облыстарының Төтенше жағдайлар департаменттерінен 133 адам мен 26 техника жіберілген. «Қазависпас» АҚ-ның МИ-8 тікұшағы (экипажы 4 адам) да атсалысуда. Бір тәулікте 2 тікұшақпен барлығы 59 157,5 тонна су төгілді.

«Өрт орнына вице-министр Марат Күлдіков келіп жетті. Командалық-штабтық машина (КШМ) жұмыс жасап жатыр. Сондай-ақ дағдарыс орталықтарында ТЖМ мен Абай облысының ТЖД жедел штабтары жұмыс істейді. Сенім телефоны ашық. "Қазгидромет" деректері бойынша 24-26 мамырда Абай облысының Бородулиха ауданында екпіні 15-20 м/с дейін жел соғады», - делінген ТЖМ хабарламасында.