Коронавирустан да қауіпті індет пайда болуы мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы осындай мәлімдеме жасады. Тедрос Гебрейюс бүкіл әлемді вируспен күресуге дайын болуға шақырды. Ал біздің медицина қатерлі вирусқа қарсы тұруға дайын ба?
Тәж тажал төрткүл дүниені теңселтті. Есті енді ғана жинадық. Тіпті дүниежүзілік денсаулық ұйымы жаһандық коронавирустық пандемия мәртебесін жою туралы шешім қабылдаған еді. Індет осымен өшеді деп сендік. Бірақ одан да қауіпті, күшті вирус пайда болмақ. Осындай болжам айтып, көпті үрейлендірді.
Тедрос ГЕБРЕЙЮС, ДДСҰ БАСШЫСЫ:
Биологиялық тұрғыдан алғанда, бір күні басқа вирус пайда болатыны сөзсіз, біз оны тоқтата алмай қалуымыз мүмкін.
Аты жаман індет қанша жанның өмірін қиды. Ол кездегі қорқынышты ешкім еске алғысы келмейді. Өткен іс өтті, бояуы сіңді. Болжам шындыққа айналса ше? Тағы шырылдап, дәрі іздеп, ауру асқынып кетсе қайтпекбіз? Сан сауал сала министрлігіне қойылды.
Саннан сүрінген министр сөзі әлеуметтік желіні шарлап кетті. Індеттің қатерлігін емес, жарты адам дегеніне желі қолданушылары кенедей жабысты.
- Ой Алла, 9,5 дей ме? Бізде жарты адам да өмір сүреді екен ғой, кім білген?
- Бізді кімге сеніп қалдырған? Мұндай министрлермен ұзаққа бармаймыз.
- Бізде елімізде жарты адам бар екенін енді естідім, өмірден қалып қойыппын-ау.
- Жақында ғана бүкіл әлемдік денсаулық сақтау министрлігі тоқтады, бітті деп жазды бұлардікі өтірік қой.
«Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ». Оған дау келтірмейміз. Министрлік өкілдері де бірден ақтауға тырысты. Ажар Ғиниятқызы сұхбатта 9,5 мың адам дегенді 9,5 жарым деп шатасты деді.
ҚР ДСМ БАСПАСӨЗ ҚЫЗМЕТІ:
Әлеуметтік желілердегі видео денсаулық сақтау министрі айтқан ақпараттың бастапқы мағынасын бұрмалау үшін қолданылып жатыр. Министр 9,5 мың адам туралы айтқан. 2023 жылдың басынан бастап Қазақстанда 9086 КВИ және 435 коронавирус пневмониясы жағдайы тіркелді. Министр эпидемиологиялық мониторингке, сырқаттанушылық статистикасына және науқастарды емдеуге байланысты барлық мәселені тұрақты бақылауында ұстайды.
Жаңа вирустың қандай қауіптілігі бары бәріне де беймәлім. Сақтансаң сақтаймын дегенді қаперден шығармайық.