Спорт Қазақстан
$448.15 €483.46 ₽4.86
×

"Еңбек өнімділігін арттырып, ауыл шаруашылығына жаңа технологиялар мен өндіріс тәсілдерін енгізу маңызды, - Тоқаев

29.05.2023ж. 20:00
749
"Еңбек өнімділігін арттырып, ауыл шаруашылығына жаңа технологиялар мен өндіріс тәсілдерін енгізу маңызды, - Тоқаев

Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысына іс-сапармен барып, өңірдің өндірістік ахуалымен танысты. Қызылжарда биыл 4,5 миллион гектар егін егіледі. Облыста соңғы 5 жылда 30 сүт фермасы ашылды. Жыл сайын 650 мың тонна сүт өндіреді. Алдағы уақытта тағы 17 ферма іске қосылмақ. Президент тағы қандай өндіріс орындарына барды? Толығырақ тілшіміз Сүндет Оралбеков тарқатады.

Қызылжарда биыл 4,5 миллион гектар жерге егін егіледі. Аймақ экспорттық әлеуеті жоғары өнім өсірумен ерекшеленеді. Жергілікті диқандар бидайдың аустриялық «Тризо» сортын егіп, гектарына 25 центнерден өніп алуды мақсат етіп отыр. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін егістік алқаптарын әртараптандыру әрқашанда өзектілігін жоймайды. Соңғы жылдары облыста қарақұмық егу 3 есе, картоп, сәбіз, орамжапырақ секілді көкөністер алқабы шамамен 1,5-2 есе артқан. Егін алқабын аралаған Мемлекет басшысы еңбек өнімділігін арттырып, ауыл шаруашылығына жаңа технологиялар мен өндіріс тәсілдерін енгізу маңызды екеніне назар аударды. Президенттің пікірінше, бұл шаралар халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға, нақты табысының артуына ықпал етеді. Қазіргі кезде Солтүстік Қазақстан облысындағы еңбек өнімділігі, ауыл шаруашылығы саласындағы бір жұмысшыға шаққанда, 5 миллион теңгені құрайды. Бұл – республикалық орташа көрсеткіштен әлдеқайда жоғары.

Бұл 366 млн теңге инвестиция салынған «Қызылжар-Сүт» фермасы. Былтыр Германиядан симментал және голштин асыл тұқымды ірі қара сатып әкелінген. Облыста жыл сайын 650 мың тоннадан астам сүт өндіріледі. Бұл – республика бойынша өндірілетін сүт көлемінің 10 пайызы.

Соңғы бес жылда өңірде 30 сүт фермасы ашылды. Тағы 17-і іске қосылатын болады. Президент Солтүстік Қазақстан өңірінде мал шаруашылығы өнімдерінің өндіріс көлемін арттыруға мол мүмкіндік бар екенін атап өтті.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Біз мұндай өндірістік жобаларға міндетті түрде қолдау көрсетеміз. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арқылы жеңілдікпен кредит беру өз тиімділігін көрсетті. Яғни, қаржыландыру жағынан мәселе болмауға тиіс. Сүт өндірісін тиісті деңгейде ұйымдастыру керек. Бүкіл ел бойынша өз-өзімізді сүт өнімдерімен қамтамасыз ететін деңгейге жетуіміз керек.

Мұнан соң Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында «РимҚазАгро» қағаз өнімдерін шығаратын фабриканың жұмысымен танысты. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жобаны субсидиялауға қаржы бөлінген. Қағаз өнімдері фабрикасы – көпсалалы «Радуга» компаниясына қарасты кәсіпорындардың бірі ғана. Қазіргі кезде өңір халқын жыл он екі ай көкөніс өнімдерімен қамтамасыз ету үшін жылыжай құрылысы жүріп жатыр.

Мемлекет басшысы Манаш Қозыбаев атындағы оқу ордасына барып, білім беру, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен және жоғары оқу орнын одан әрі дамыту стратегиясымен танысты. Университетте 6 мыңнан астам студент оқиды. Оқу ордасының базасында жаңа оқу-зертхана корпусы іске қосылған. Онда студенттер мен оқытушылардың түрлі тәжірибелер және ғылыми зерттеулер жүргізуіне барынша жағдай жасалған. Президент ұшқышсыз басқарылатын аппараттарға арналған лабораторияны аралады.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ, ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ПРЕЗИДЕНТІ:

Білім мәдениеті болмаса, Қазақстан әрі қарай дами алмайды. Жақында біз Ғылым академиясына реформа жүргіздік, өте танымал әрі практик ғалымды президент етіп тағайындадық. Ғылым жөніндегі жоғары кеңестің бірінші отырысын өткіздім. Таяу арада сіздер де ғалымдар мен тәжірибелі мамандардың қатарын толықтырып, мемлекетіміздің дамуына елеулі үлес қосасыздар деп санаймын. Мен жастарға сенемін

Сонымен қатар Мемлекет басшысы Сәбит Мұқанов атындағы Қазақ сазды-драма театрына барып, "Мағжан" пьесасынан үзінді тамашалады. Сонан соң өлкенің зиялы қауым өкілдерімен және қоғам белсенділерімен әңгімелесті.

https://youtu.be/14Z0UuJ-7Fo