Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Астана әуежайында қол жүктеріне байланысты дауға кінәлі кім?

AstanaTV
05.10.2016ж. 20:00
1708
Астана әуежайында қол жүктеріне байланысты дауға кінәлі кім?

Астана халықаралық әуежайында орын алған келеңсіз оқиғаға жолаушылардың өздері кінәлі. Әуежай өкілі осылай деп мәлімдеп отыр. Айтуынша, жүкті алу кезінде жолаушылардың бірі сөмкелер өтетін лентаның апатты түймесін басқан.

Константин Куликов, «Астана халықаралық әуежайы» АҚ кешен ауысымының басшысы:

Туркиш Эйрлайнс рейсінің жүктерін беру кезінде жолаушылардың бірі апатты түймені басып қалған. Мұндай жағдайда лента бірден бұғатталады. Әуежай қызметкерлері сол заматта мән-жайды анықтауға кіріскен. Бірақ жолаушылар бірден жүктерін беруді талап етті. Сондықтан кеден қызметімен ақылдаса отырып азаматтардың заттарын багажға арналған арбамен әкелсін деп шешім қабылдадық. Лентаны қалыпқа келтіру үшін 10 минут жеткілікті. Бірақ жолаушылар сол он минут күтуге шыдамады.

Айта кетейік, Астана әуежайында жолаушылардың қол жүктеріне байланысты туындаған дау әлеуметтік желіде қызу талқыға түскен еді. Желі қолданушылардың бірі әуежай қызметкерлерінің әрекетіне көңілі толмаған жолаушылардың базынасын видеоға түсіріп, оны  жария еткен. Ұшақтан түскен азаматтарға қол жүктерін арбаға салып әкелгені ұнамаған. Олар шабадандары мен сөмкелерін тауып алу үшін жүктердің ретімен тапсырылуын талап етіп шу көтерген.