Спорт Қазақстан
$442.05 €474.14 ₽4.74
×

Испанияда адамдар тобықтан келетін су кешіп жүруге мәжбүр

30.05.2023ж. 20:00
587
Испанияда адамдар тобықтан келетін су кешіп жүруге мәжбүр

Испанияда бірнеше күн қатарынан жауған жауын-шашын салдарынан көшелерде көлік қозғалысы тежеліп, кей аудандарда оқу орындарында сабақ уақытша тоқтатылды. Адамдар тобықтан су кешуге мәжбүр. Ал Чилиде құстар қырылуда. Оған не себеп? Әріптесім Сүндет Оралбеков шартарапқа шолу жасады.

ҚҰСТАР ҚЫРЫЛУДА

Чили жағажайында 200-ге жуық құс өлексесі табылды. Оқиға елдің солтүстігінде Кокимбо провинциясында тіркелді. Бұл жағдайға жергілікті билік пен тұрғындар алаңдап отыр. Себебі әзірге қанаттылардың жаппай қырылуына не себеп болғаны белгісіз. Экспертиза жасау үшін өлекселер Саньтяго зертханасына жіберілді. Мамандар бұл жағдайға құс тұмауы себеп болуы мүмкін деп санайды. Қазір істің мән-жайы анықталып жатыр.

ЖАУЫН-ШАШЫН БАСЫЛАР ЕМЕС

Испанияда жауын-шашын басылар емес. Елдің оңтүстік-шығысында ондаған қаланы су басты. Мадрид көшелері де су астында қалды. Ірі жолдарда көлік қозғалысы тежелді. Кей аудандарда жағдайға байланысты мектептер, университеттер және балабақшалар жұмысын уақытша тоқтатты. Метрода да қазір жүріп тұру мүмкін емес. Адамдар тобықтан келетін су кешіп жүруге мәжбүр. Бұған дейін апатқа байланысты Мадридтің халықаралық әуежайы жабылған болатын. Күн райының қолайсыздығынан Мадрид, Валенсия, Беникасим және Кабанас қалалары айтарлықтай зардап шеккен.

КОСОВОДАҒЫ ҚАҚТЫҒЫС

Косовоның солтүстігінде НАТО бітімгерлері мен этникалық сербтер арасында қақтығыс болып, 50-ден астам серб пен НАТО-ның 40-қа жуық сарбазы жараланды.

Қақтығыс Звечан шаһарында сербтер қала мэриясының ғимаратын басып алмақ болғанда туындаған. Олар сәуір айында сайлауда жеңіп шыққан албандық мэрдің қызметке кірісуіне қарсы. Сербия президенті Александр Вучич қақтығысқа Косово басшысы Альбин Куртиді айыптап отыр.

Александр ВУЧИЧ, СЕРБИЯ ПРЕЗИДЕНТІ:

Мен Косоводағы сербтерді НАТО-мен қақтығысқа түспеуге шақырамын - олардың қандай сезімде екенін және олар үшін қаншалықты қиын екенін білемін. Мен қорыққандықтан емес, әлде біреуіміз қорқатындықтан емес, біздің ешқайсымыздың жоғалтатын ештеңеміз жоқ, Куртидің бәрінен де қатты қалайтыны осы. Оның режимі сербтерді, албандарды және бәрімізді араздастыру үшін бәрін жасайды.

Косово 2008 жылы Сербиядан бөлініп, егемендігін жариялаған еді. Бірақ Белград оны заңсыз деп, тәуелсіздігін мойындамай келеді.