«Ұлттық қор – балаларға» жобасының жүзеге асырылуын «AMANAT» партиясының өкілдері Білім және денсаулық сақтау жөніндегі қоғамдық кеңес отырысында талқылады. Басқосуға қаржы министрлігінің өкілдері қатысты. Ұлттық қордан әр балаға төленетін қаражаттың механизмі әзірленген. Бірақ түсініксіз тұстары көп дейді партиялықтар.
Жұлдыз СҮЛЕЙМЕНОВА, «AMANAT» ПАРТИЯСЫ БІЛІМ БЕРУ ЖӘНЕ ДЕНСАУЛЫҚ САҚТАУ ЖӨНІНДЕГІ РЕСПУБЛИКАЛЫҚ ҚОҒАМДЫҚ КЕҢЕСТІҢ ТӨРАҒАСЫ:
«Ұлттық қор-балаларға» деген заң жобасының бастамашыл депутаттарын шақырдық, сонымен қатар мемлекеттік органнан шақырдық. Олар сол заңның негізгі бағыттарын түсіндіретін болады. Қоғамдық кеңестің мүшелері сол заңға қатысты өздерінің ойларын, пікірлерін, ұсыныстарын айтатын болады. Біз қорытынды есебінде осы ұсыныстарды Үкіметке жолдап, заңда осы ұсыныстардың қаралуына байланысты жұмыс жасайтын боламыз.
Кеңес барысында төленетін қаражаттың көлемі мен келесі жылы 2,6 пайызға теңесетін табыс мөлшерлемесі сөз болды. Партия мүшелері балаларға арналған төлем көлемі азайып қала ма деп алаңдаулы.
Дәурен ТЕМІРБЕКОВ, ҚР ҚАРЖЫ МИНИСТРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
Егер кенеттен екі, үш, бес, он жыл ішінде инвестициялық кіріс төмендеп, орташа мөлшерлеме төмендесе, ал ол жерде төмендетпейтін мөлшерлеме 2,5 пайыз шамасында болса, онда біз Ұлттық қорға толықтай қол саламыз. Бұдан мүмкіндігінше қашуымыз керек. Әйтпесе, біз Ұлттық қордың қаражатын жеп қоямыз.