Алматы облысында жүргізуші тапа-тал түсте жаяу жүргіншіні пышақтап кетті.Соққының салдарынан іш қуысына қан кеткен зардап шегуші Жамбыл аудандық орталық ауруханасына жеткізілді.
Оқиға Ұзынағаш ауылында болған. Көшелердің бірінде жәбірленуші мен күдікті өзара сөзге келіп, жанжал туындаған көрінеді. Нәтижесінде көлік тізгініндегі кісі жаяу жүргіншіге пышақ сұққан. 1967 жылғы азаматқа дереу ота жасалды. Қазір дәрігерлер оның жағдайы орташа ауырлықта деп бағалап отыр. Науқас ауруханада шамамен бір апта көлемінде ем алмақ.
Тимур ҚҰРБАНБАЕВ, ЖАМБЫЛ АУДАНДЫҚ ОРТАЛЫҚ АУРУХАНАСЫ ХИРУРГИЯ БӨЛІМІНІҢ МЕҢГЕРУШІСІ:
Ота кезінде анықталғаны – іш құрылысының ашық жарақаты, ащы ішектің жарақаты және де іш құрылысынан басқа оң білек аймағындағы және оң алақан аймағындағы пышақталған жарақаттары бар екендігі анықталды. Көмек көрсетіліп, қазіргі таңда науқас хирургия бөлімінде емін жалғастырып жатыр.
Жедел-іздестіру барысында 61 жастағы күдікті ұсталды. Бұл жағдайға қатысты "Денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру" бабы бойынша қылмыстық іс тіркелді.
Ернар САЙДІЛДИН, АЛМАТЫ ОБЛЫСТЫҚ ПД РЕСМИ ӨКІЛІ:
Аталған дерек ҚР ҚК 106-бабының 1-бөлімінде көзделген қылмыс құрамының белгілері бойынша Жамбыл ауданының ПБ-да тіркелді. Қазіргі уақытта қылмыстың мән-жайларын жан-жақты, толық және объективті зерттеуге бағытталған барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде.