Спорт Қазақстан
$444.22 €476.38 ₽4.82
×

Каспийді зерттейтін маман тапшы

AstanaTV
03.06.2023ж. 17:44
897
Каспийді зерттейтін маман тапшы

Каспийді зерттейтін маман тапшы. Жылдан жылға тартылып бара жатқан теңіздің экологиялық ахуалы Каспий маңы елдерін алаңдатып отыр. Астрахань қаласында өткен ІІІ халықаралық форумда қарт Каспийді сақтап қалудың жолдары талқыланды,-деп хабарлайды Қазақстан Телеарнасы. 

Каспийдің эко жүйесі ушығып барады. Техногендік және климаттық жағдайлар мен адами фактор жағдайдың күрделендірді дейді ғалымдар. Қарт Каспийді құтқару үшін білікті мамандар қауымдастығын құру ұсынылды.

Атырау жақ бөлігіндегі теңіз тамағында су тереңдігі метрге де жетпейді. Кей жері тобықтан келеді. Балық миграциясы бұзылды, өнеркәсіптік кемелер қайраңда қалды. Соңғы зерттеу бойынша көк айдынның деңгейі минус 28 метрге төмендеген.

Павел Шевцов, «Россотрудничество» федералды агенттігі басшысының орынбасары:

Каспийдің логистикалық мүмкіндігі өте жоғары. Бірақ, қазіргі күрделі экологиялық ахуалы бәрімізді алаңдатып отыр. Ғалымдар толық зерттеу жүргізіп, мәселенің нақты шешілу жолын таппаса, теңіз сыйлайтын теңдессіз мүмкіндіктерден айырылып қалуымыз мүмкін. Ғылыми жұмысқа бес мемлекет те аянбай атсалысуы тиіс.

Теңіз деңгейінің 5см-ге төмендеуі – судағы тіршілікке төнген қауіп. Итбалықтың жиі қырылуы бұлтартпайтын дәлел. Бұлай жалғаса берсе 2100 жылға қарай, Каспийдің 25 пайызы құмға сіңіп, тағдыры Аралды қайталауы мүмкін деп топшылайды ғалымдар. Бірақ, терең зерттеу жүргізетін ғылыми кадр тапшы.

Сайфолла Сапанов, саясаттанушы:

Магистр, докторанттар дайындау, зерттеушілер дайындау мәселесі өте өзекті. Алғашқы 10-15 жылдың ішінде Каспий мәселесін көтермесек, біз артта қалып қоямыз. Бұл ретте Ресей жағы, басқа мемлекеттер бұл жағынан анағұрлым алға кетіп қалып жатыр.

5 мемлекеттегі үздік жоғары оқу орындарын жүйелендіру арқылы маман тапшылығын шешуге болады. Қазір қазақстандық білім ордалары Каспий маңы елдерімен байланыс орнатып, сапалы кадр жасақтауға кіріскен.

Асылбек Қанбетов, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті экология институтының деканы:

Біз 5 мемлекеттің университеттерінің құрамындамыз. Кадрларды дайындап жатырмыз. Және біздің құрамымызда ғылыми лаборатория деген бар. Солар Каспийді зерттеу саласында жұмыстар атқарып жатыр.

Балық шаруашылығының өзегіне айналған Атыраудағы теңіз тамағының тазартылмағанына 5 жыл. Ал кеме жолының аршылмағанына 20 жылға жуықтаған. Бұл ретте 26 млрд теңгеге жоба жасақталды. Бірақ, жоба қағаз күйінде жатыр.