Спорт Қазақстан
$443.72 €482.28 ₽4.9
×

Шымкентте «Ontustik Tourism – 2016» халықаралық форумы басталды

AstanaTV
06.10.2016ж. 20:00
2802
Шымкентте «Ontustik Tourism – 2016» халықаралық форумы басталды

Туризм - Қазақстан экономикасына табыс түсіру жағынан үшінші орында тұрған сала. Бұл бағыттан түсетін кіріс көзін арттыра түсу үшін не істеу керек? Шымкентте басталған "Ontustik Tourism - 2016" халықаралық форумына қатысушылар осы сұрақтың жауабын іздеді. 

Форумға үш жүзге жуық адам жиналды. Арасында бірнеше шет мемлекеттің өкілдері бар. Отандық туризмді  дамыту мақсатында аймаққа инвестиция тарту, инфрақұрылымды дамыту, туристердің құқығын қорғап, қауіпсіздігін сақтау және  қызмет көрсету сапасын арттыру мəселелері қызу талқыланды. Инвестиция жəне даму министрлігінің өкілі, табысты көбірек түсіру үшін шетел туристерін тарту кезек күттірмейді, әйтсе де олардың жоғары талабына біздегі қызмет сай болуы керек, дейді.

Марат Иғалиев, ҚР Инвестиция және даму министрлігі туризм индустриясы департаментінің директоры:

Қытай туристеріне сұраныс жоғары. Мәселен, олар өткен жылы Вьетнамға 200 млрд доллардан астам қаржы қалдырған. Осы саяхатшыларды неге тартпасқа. Ресейге былтыр 1 млн турист келген, тең жартысы визасыз режим бойынша. Сол жарты миллион адам 2,5 млрд доллар табыс түсірген. Бұл туризмнің динамикалық нарық екенін көрсетеді.

Туризм табыс табу жағынан мұнай мен химия саласынан кейінгі үшінші орында тұр. Осылай деген мамандар былтыр елімізге 3 млн-ға жуық турист келгенін айтады. Бұл алдыңғы жылдармен салыстырғанда 4 пайызға артық. Десе де нарықтан ойып алу үшін көп жұмыс істеу қажет. Бір күндік демалыс аса көп табыс қалдырмайды. Ол үшін ЭКСПО-2017, Универсиада сияқты ауқымды шаралар мен, ұзақ мерзімді демалыс орындарын көптеп ұйымдастырған жөн. Тағы бір қиындық - виза жайы.

Аигарс Андерсон, форум қатысушысы, Латвия:

Ригадан тікелей рейс болмағандықтан, Мәскеу арқылы ұшып келдім. Өте қолайсыз болды. Әріптестеріме алып шыққан кәдесыйлар салынған жүкті қалдыруға тура келді. Виза жағынан қиындықтар бар. Әйтпесе, Ұлы Жібек жолының бойындағы Қазақстанға, оның ішінде Шымкент шаһарына келуді армандап жүргендер қаншама.

Оңтүстік Қазақстан облысында мәдени-тарихи орындар жеткілікті. Ұлттық парктер де баршылық. Әлбетте, еліміздің өзге аймақтары секілді мұнда да инфрақұрылым жағы ақсап тұр. Дегенмен бұл бағытта бірқатар шаруа қолға алынды, - дейді өңір басшылары.

Сапарбек Тұяқбаев, ОҚО әкімінің орынбасары:

Бізде ұлттық парктер көп. Ең маңыздысы Ақсу жабағылы. Осы жерде әзіргі таңда  бұл мәселе бойынша да көтеріліп маркетинг жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әсіресе шетелден қызығушылық танытушылар көп. Қазір сол жерде шешім қабылданып, туристік аймақтар бойынша жер белгіленді. Жұмыстар жүріп жатыр. Яғни тек қана табиғат емес, сол жерге келген туристер де тиісті  деңгейде инфрақұрылыммен қызмет көрсету. Ол да жергілікті халыққа табыс, салық, жұмыс орны.

Айзада Төребекқызы, тілші:

Айта кетейік, Оңтүстік Қазақстанда  жағажай туризмі мен тау шаңғысы демалысы да жанданатын болады. Ал форумға қатысушылар ертең оңтүстіктің шұрайлы, табиғаты әсем жерлері мен тарихи-мәдени орындарын аралайды. Бұл деген сөз бір адамға көрсету арқылы алдағы уақытта отандық туризмді дамытуға үлкен сеп болуы бек мүмкін. 

Айзада ТӨРЕБЕКҚЫЗЫ